Әкім Шымкентті тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды

0
639

Қаланы үздіксіз электр жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жететіні хабарланған болатын.


Әкім Шымкентті тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды

Шымкент қаласының әкімі тұрғындардың өтінішін ескеріп, тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазір қалада сапалы электр қуатымен қамту бойынша 6 нысанның атап айтқанда, 4 елді мекенде ішкі жүйелердің және қосалқы станса мен электр тарату бекетінің құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сапалы жарық желілері Ынтымақ, Батыс, Тұран, Түркістан, Қайнар бұлақ, Нұрсәт, Бозарық, Асар елдімекендеріне тартылуда.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов Түркістан шағын ауданын сапалы электр қуатымен қамтамасыз ету жұмыстарын пысықтады. Қазіргі таңда мұнда 8,6 шақырым электр желісі тартылып, 3 трансформатор стансасы мен 352 бағана орнатылды. Құрылыс 95 % аяқталған.
Мұрат Дүйсенбекұлы жергілікті тұрғындардан электр қуатының төмендігі, апаттық жағдайлар бойынша өтініштер көп түсіп жатқанын ескертіп, жаңа электр желілердің құрылысын тамыз айына дейін аяқтап, тез арада сапалы электр қуатымен қамтуды тапсырды. Нысан іске қосылғанда 436 абонент үздіксіз жарыққа қол жеткізеді.
Айта кетейік, биылғы алғашқы тоқсанда Батыс, Тұран, Қайнар бұлақ, Түркістан, Нұрсәт елдімекендерінде ішкі электр жүйелерінің құрылысы жүргізіліп, 153,2 шақырым электр желілері мен 15 электр тарату бекеті, 38 трансформатор мен қосалқы станция орнатылды. Нәтижесінде 10 мыңға жуық отбасы сапалы электр қуатымен қамтылды.

Еске сала кетсек, биыл қала аумағындағы барлық елдімекенге сапалы электр энергиясы жеткізілетінін хабарлаған болатын Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Атап айтатын болсақ, жыл соңына дейін 8 шағынауданда құрылыс жұмыстары аяқталып, қаланы үздіксіз электр жүйесімен қамту көрсеткіші 100 пайызға жететінін, нәтижесінде абоненттер жарыққа екі есе арзан төлем жасайтынын, сондай-ақ тұрғын үйлерді электр желісіне қосу жұмыстары тегін жүргізілетіндігі хабарланған еді.