«Baytaq»: Шымкентте салауатты өмір салтын дәріптейтін партия құрылды

0
636

Жаңа партия 2022 жылдың 28 қарашасында ҚР Әділет министрлігінде тіркелген.


«Baytaq»: Шымкентте салауатты өмір салтын дәріптейтін партия құрылды

Шымкент қаласында «Baytaq» жасылдар партиясының филиалы құрылып, жұмысын бастады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа партия 2022 жылдың 28 қарашасында ҚР Әділет министрлігінде тіркелген. Партияның жетекшісі – белгілі эколог, Ұлттық Құрылтай мүшесі Азаматхан Әміртай.
Саяси ұйым салауатты өмір салтын дәріптеу, қоршаған ортаны қорғау мәдениетін қалыптастыру, қоршаған ортаны қорғау саласында қордаланған мәселелерді шешуді көздейді.
Бүгінгі жиында ұйымның қалалық филиалын құру мәселесі талқыланып, есеп комиссиясының құрамы бекітілді. Партия төрағасы ұйымның негізгі мақсат-міндеттеріне тоқталып, атқарылатын жұмыс жоспарымен таныстырды. Сондай-ақ, партияның қалалық саяси кеңесінің мүшелері мен қалалық филиалдың төрағасы, атқарушы хатшысы сайланды.
Біздің партияның негізгі екі құндылығы бар. Біріншісі – қоршаған ортаны және адамдардың денсаулығын қорғау, екіншісі – салауатты өмір салтын насихаттау. Сол себептен біз әр өңірдегі әлеуметтік және экономикалық мәселелерді шешуге баса назар аударамыз. Жалпы халықтың өзекті мәселелерін шешуді мақсат етіп отырмыз, – деді партия төрағасы А.Әміртай.
Іс-шара барысында белсенді азаматтық ұстанымы бар қоғам белсенділері партия қатарына қабылданды. Сондай-ақ, қатысушылардың дауысы бойынша Құрмет Керімбеков жасылдар партиясының Шымкент қалалық филиалының төрағасы, Нұрбол Байқонақов атқарушы хатшысы болып сайланды.