Е.Айтаханов ауласын су басқан үйлерді тазарту жұмыстарын өз бақылауына алды

0
830

Су сору жұмыстарына 30 шақты қызметкер мен 6 бірлік техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды.


Е.Айтаханов ауласын су басқан үйлерді тазарту жұмыстарын өз бақылауына алды

Бүгін Шымкент әкімі Абай ауданына қарасты Қарасу көшесіндегі жер асты сулары көтеріліп, аулалары мен жертөлелерін су басқан тұрғын үйлерді аралап шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған үйлердегі тұрғындармен тілдескен қала әкімі тиісті жұмыстар жүргізілетінін айтып, жауапты сала жетекшілеріне су тасқынының салдарын жоюға бағытталған нақты техникалық тапсырмалар берді.

Сонымен қатар, Ерлан Қуанышұлы алдағы уақытта осы сынды жағдай орын алмау үшін аталған аймақты зерделеп, бұрын болған тік дренаждық жүйені қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу керектігін айтты және салалық басқармамен аудан әкімдігіне жобалық сметалық құжаттамаларын дайындауды міндеттеді.

Айта кетейік, Қарасу өзенінің жағалауларында орналасқан тұрғын үйлердің иелері жаз мезгілінде су деңгейін көтеру мақсатында рұқсатсыз өздігімен өзен арнасына бөгеттер орналастырған.

Сондай-ақ, жауын-шашынның салдарынан және жер асты сулары көтеріліп, жоғарыда айтылған мекенжайларды су басқандығы анықталған. Қазіргі уақытта су сору жұмыстарына 30 шақты қызметкер мен 6 бірлік техника және 2 мотопомпа жұмылдырылды.