​ҚҰТҚАРУШЫ ӘРҚАШАН ДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

0
241

Адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар да аз емес.


​ҚҰТҚАРУШЫ ӘРҚАШАН ДА ҚҰРМЕТКЕ ЛАЙЫҚ

Төтенше жағдайлар саласында қызмет ету – қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл – нағыз қаһарман азаматтардың мамандығы. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, төтенше жағдай саласының мамандары жұмыс барысында талай рет көзсіз ерлікке барады.

Адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар да аз емес. Қауіптілігіне қарамай, ержүректілігінің арқасында бұл салада адал қызмет етіп жүрген құтқарушылардың қатарында шымкенттік Рауан Ордабек те бар.
Рауан Ордабек Шымкент қаласы Тұран ауданы Төтенше жағдайлар басқармасында бас маман болып еңбек етеді. Осы жылдың жаз маусымында Рауанның суға батып бара жатқан 7 жасар баланы құтқарып қалған ерлігін ел біледі.
– Бұл салада 2017 жылдан бері қызмет етіп келемін. Бала күнімде әкемнің інісі және нағашы ағам әскери салада еңбек етті. Олар үйге келгенде киім киісіне, жүріс-тұрысына, мінезіне қызыға қарайтынмын. Өсе келе мен де әскери салада қызмет етуді армандадым.
Содан Сабыр Рахымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатына оқуға түстім. Әрі қарай Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығын оқыдым.
Отбасымда ата-анам, екі інім, қарындасым бар. Әкем жеке кәсіпкер, анам медицина саласында қызмет етеді. Отбасымызда мамандық таңдау өз еркімізге берілген. Ата-анамыз бізді өздері қалайтын мамандыққа түсуге үгіттеген жоқ. Ең бастысы, «еліңе пайдаң тиетін адал қызметкер бол» деп өсірді. Адалдық, мейірімділік, қиналған жанға қол ұшын созу сияқты адамдық қасиеттер жайлы ата-анамыз жиі сөз қозғайтын. Сондықтан болар адам өміріне қауіп төнген жағдайда араша түсуден қорықпайтынмын.
Әлі есімде 17 жасымда көшеде аялдамада бір жас жігіт есінен танып құлады. Жан-жағында тұрған адамдар не істерін білмей абдырап тұрып қалды. Жас болсам да бар білген білімімді қолданып, алғашқы көмек көрсетуге ұмтылдым. Баланың тілі күрмеліп артқа кете бастады. Қолыммен тартып шығарып, алғашқы жәрдемді көрсетуге тырыстым. Осылайша жедел жәрдем келгенше бір адамның өміріне араша болдық. Бұл қызметке келмей тұрып та қоғамдық орындарда көптеген оқиғаларға тап болып, құтқарған кездерім көп. Ал, жұмыс барысында адам өміріне жиі араша боламыз. Әсіресе жаз маусымында тыйым салынған аймақтарға шомылып, адамдар суға кетіп жатады. Ол уақытта біз тіпті үй бетін көрмей, қызметте боламыз. Жиі рейдтік шаралар жүргіземіз. Көп адамдар оқыс оқиғаға тап болса, шошып дүрбелеңге салынады. Ол жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін.
Сондықтан сабырлықпен қолдан келген көмекті көрсетуге ұмтылу керек. Жалпы адам өмірі – ең қымбат құндылық. Сол себепті кез-келгеніміз алғашқы көмек көрсетуді білуіміз тиіс. Жасыратыны жоқ, бізде көмекке ұмтылудың орнына бейнекамераға түсіріп қарап тұратындар бар. Әрбір отбасында Отанға деген сүйіспеншілік, мейірімділік, ізгілік, жанашырлық жайында жиі әңгіме қозғалса, елі үшін адал қызмет ететін, халқын сүйетін азаматтар көп болар еді,– дейді құтқарушы Рауан Ордабек.