​Мектеп оқушысын тонап кеткен шымкенттік ұсталды

0
1 379

Жас жігіт бұл қылмысты жасамас бұрын із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде болған.


​Мектеп оқушысын тонап кеткен шымкенттік  ұсталды

ERNUR.KZ. Шымкентте 9 жастағы баланың смартфонын қолынан алып қашып кеткен күдікті ұсталды.

Полицияға Қаратау ауданының тұрғыны тонау туралы арызбен жүгінген. Әйелдің айтуынша, белгісіз біреу көшеде оның ұлының смартфонын ашық түрде ұрлап кеткен.

9 жасар бала сабақтан үйіне қайтып келе жатқанда, оның жанына бейтаныс жігіт келіп, қоңырау шалу үшін телефон сұрайды. Нөмірді теріп жатқандай кейіп танытқан күдікті бөтеннің ұялы телефонын алып қаша жөнелген. Бұл оқиға баланың сыныптасының смартфонына түсіп қалған.

Хабарламаны алған полицейлер дереу іздеуге кірісті.
ЖБО-ның бейнебақылау камералары арқылы күдіктінің алған бағыты мен жеке басы анықталды. Жедел уәкілдер оны қаладағы сауда орталықтарының бірінің алдында ұстады. Ол ұрланған смартфонды сатып үлгермеген екен. Гаджет тәркіленіп, заңды иесіне қайтарылды.
Белгілі болғандай, жас жігіт бұл қылмысты жасамас бұрын із-түзсіз жоғалған адам ретінде іздеуде болған. Туыстары оны 3 күн бойы іздеген.
Осыған байланысты, полиция ата-аналарға балаларымен гаджетті көшеде және қоғамдық орындарда көрсетпеу керектігі туралы профилактикалық әңгіме жүргізуді ескертеді. Өйткені, жеткіншектердің қолындағы бағалы смартфондар ұрыларды бөтеннің мүлкін оңай иемденуге итермелейді. Сондықтан, осыған ұқсас қылмыстың құрбаны болған жағдайда дереу полицияға хабарласыңыз.