"Өз бетінше емделу коронавирус белгілерін асқындыруда" - Шымкенттің дәрігерлері үндеу жасады

0
480

Демалыс күндері мобильді топ дәрігерлері 3 000-ға жуық тексерілуге мұқтаж болған науқастарға барып, үйде емделуді тағайындады.


Бүгін №1 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері М.Бейсеуов, №5 қалалық емхананың бас дәрігері Ж.Сейдалина, №6 қалалық емхананың бас дәрігері А.Қылышбаева және Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Ж.Агишанованың қатысуымен брифинг өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Баспасөз мәслихатында №1 Шымкент қалалық емханасының бас дәрігері М.Бейсеуов мобильді топтардың функционалына кіретін қызметтер туралы айтты.
Мобильді топтардың функционалына ЖРВИ белгілері бар пациенттерге, ковид инфекциясына күдікті, COVID-19 инфекциясы бар пациенттерден ПТР сынамасын алуды, жақын байланыста болғандарды, сондай-ақ үй ауруханаларында медициналық процедураларды жүргізуді, симптоматикалық нысандағы COVID оң нәтижелі науқастарға амбулаторлық деңгейде қызмет көрсету кіреді. Барлық МТ қажетті заттармен тізім бойынша жабдықталған. Қажет болған жағдайда МТ дәрігерлері науқастарды амбулаторлық деңгейде емдеуге немесе жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызуға шешім қабылдайды. Мобильді топтарда күнделікті жұмыс жүктемесі артып келеді, сондықтан орта есеппен бір МТ шамамен 20 шақыртуға барады, – деді М.Бейсеуов.
№6 қалалық емхананың бас дәрігері А.Қылышбаеваның айтуынша, бүгінде амбулаториялық деңгейде 3 424 науқас (оның 2554-і – симптоматикалық, қалғандары ковид инфекциясының асимптоматикалық түрімен) бақылауға алынған. Сонымен қатар, соңғы мәліметтерге сүйенсек, демалыс күндеріне қарамастан мобильді топ дәрігерлері 3 000-ға жуық тексерілуге мұқтаж болған науқастарға барып, үйде емделуді тағайындады. Сондай-ақ, ковидке күдікті және олармен байланыста болған адамдар шамамен 1 500 болды. Олардан үйде ПТР сынамасы алынды.
Брифинг барысында №5 қалалық емхананың бас дәрігері Ж.Сейдалина аурудың асқынудағы ықтимал салдары туралы айтты.
Көбінесе пациенттер ақылы емханаларға, дәріханалардағы емделу бөлмелеріне тікелей барады және емделушілер өз бетінше емделеді. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып айтқым келеді, барынша ұқыптылық танытып, жауапкершілікпен қараңыздар. Егер ПТР сынама нәтижесі оң болса, оқшаулау мен карантин режимін қатаң сақтаңыздар. Мобильдік топ дәрігері немесе емдеуші дәрігер тағайындаған клиникалық хаттамаға сәйкес емделу қажет екендігін, өзіңіз және жақын байланыстағылар туралы мәлімет беруді, учаскелік қызметкерлердің сұранысы бойынша карантиндік шараларды сақтау жөніндегі міндеттемелер туралы түбіртек беру, БСД қаулысының нұсқауларын орындауды тұрғындарға жеткізгім келеді, – деді Жібек Маратқызы.
Ал Шымкент Темір жол ауруханасының бас дәрігері Ж.Агишанованың сөзінше, алғашқы ауру белгілері анықталған жағдай антибиотикті мейлінше қолданбаған дұрыс. Ковид белгілері байқалғанда алғашқы медициналық көмекті емдеуші дәрігер тағайындаған клиникалық хаттамаға сәйкес қабылдау керек.