Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау жүріп жатыр

0
489

Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау 1 қыркүйекте бастау алып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады.


Президенттік жастар кадр резервіне қабылдау жүріп жатыр

Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің ұйымдастыруымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасындағы Президенттік жастар кадр резерві жобасына жастарды шақыру мақсатында басқосу ұйымдастырылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жастар ресурстық орталығында өткен кездесуге Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдар мен оған бағынысты ұйымдардың 35 жасқа дейінгі азаматтары қатысты.

Өңір жастары Президенттік жастар кадр резервіне үшінші іріктеудің басталғаны, оның ішінде осы жылғы ерекшелігі мен кезеңдері жайлы ақпарат алды. Департамент басшысы Сұлтанхан Шәкір Асылханұлы жобаның негізгі талаптарымен танысытырып, 2019 және 2021 жылдары өткен іріктеу тәжірибесі жастар арасында жоғары танымалдылыққа ие болғанын атап өтіп, жастардың әлеуетін ашу – мемлекеттің басты міндеттерінің бірі екендігін айтты.

Сонымен қатар, кездесуге Президент Әкімшілігі Ішкі саясат бөлімінің сарапшысы, Президенттік жастар кадр резервінің мүшесі, Халықаралық дәрежедегі гроссмейстер Нахбаева Гулисхан Сайфуллинқызы арнайы шақырылып, жоба аясындағы өз тәжірибесімен бөлісті.

ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару академиясының Шымкент қалалық филиалының директоры Нысанбаев Әділет Әділбекұлы жобаға қатысу барысында талаптардың бірі - мемлекеттік тілді білетіндігі туралы сертификатты қалай алуға болатыны, сонымен қатар, іріктеу кезеңдерінің бірі болып табылатын академия базасында құрылған ассессмент орталықтың жұмысы жайлы баяндады.

Еске сала кетейік, Президенттік жастар кадр резервіне құжат қабылдау 1 қыркүйекте бастау алып, 30 қыркүйекке дейін жалғасады. Жоба нәтижесінде іріктелген жастар мемлекеттік саяси лауазымдарға, А корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына, "Б" корпусының басшылық лауазымдарына және "Б" корпусының А санаттар тобының лауазымдарына тағайындалу мүмкіндігіне ие болады.