Шымкент 2023 жылы интернетпен толық қамтылады

0
435

Осы жылы интернетпен қамтудың ІІ-кезеңінде 14 нүктеге базалық станциясын орнату жұмысы жүруде


Шымкент 2023 жылы интернетпен толық қамтылады

Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов цифрландыру басқармасының басшысы Әсет Абдірахановтың 9 айда атқарған есебін тыңдады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қалада базалық станциялар орнату жұмысы 2020 жылы үш кезең негізінде қолға алынған. Алғашқы кезеңде қалада 11 нүктеге станция орнатылып, мобильді интернетпен қамту көрсеткіші 82% құрады.
Осы жылы интернетпен қамтудың ІІ-кезеңінде 14 нүктеге базалық станциясын орнату жұмысы жүруде. Оның 8-і инвестор есебінен, 6 нүкте байланыс операторлары жеке нысан иелерімен бірлесе атқаруда.
Қазір 8 жерге (Тассай, Ынтымақ-2, Қайнарбұлақ,Солтүстік-Батыс, Аэропорт маңы, А-2 трассасы, Р-32 трассасы Құрсай №49 мектеп маңы) антенна-мачталық құрылғы орнатылып, электр энергиясына жалғау жұмыстары жүргізілуде. Жыл соңына дейін желіге қосылады.
Қалған 6 нүктеде (Абдулабад,Забадам,Асар,Самал-3, Нұртас, Құрсай - Жылысай көшесі маңы) базалық станциялар орнатылып, іске қосылған. Қала аумағындағы 14 базалық станциялар толық желіге қосылса, 136 071 отбасы сапалы интернетпен қамтылады. Жыл соңына дейін желімен қамту көрсеткішін 91%-ға жеткізу жоспарланып отыр.
Қалада базалық станцияны көбейту үшін басқарма Өңіраралық байланыс инспекциясымен бірлесе интернеттің сапасына талдау жасаған. Талданған 110 нүктенің 22-не интернет сапасы төмен екені анықталған.
Әзірленген Жол картасы шеңберінде сапасы төмен аумақтарға 2022-2023 жылдары базалық станциясын орнату жоспарланып отыр. Бұл жұмыстар жүзеге асырылса, қала аумағы 100% сапалы интернетпен қамтылады.