«Shymkent» ӘКК сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарты бойынша жұмысын бастады

0
383

Аталған стандарт сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, ұйымның сенімі мен корпоративтік мәдениетін арттыруға көмектеседі.


«Shymkent» ӘКК сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандарты бойынша жұмысын бастады

Бұл туралы сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс мектебі шеңберінде мемлекеттік мекемелердің басшыларымен және квазимемлекеттік сектор субъектілерінің комплаенс-офицерлерімен өткен семинарда қалалық Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің Превенция басқармасы басшысының орынбасары Нұртөре Қалдыбаев хабарлады.

«Shymkent» ӘКК» АҚ еліміздегі әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар арасында, сонымен қатар қалалық квазимемлекеттік секторлар арасында алғашқы болып сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандарт талаптарына сәйкестік сертификатын алды.

Аталған стандарт сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға, ұйымның сенімі мен корпоративтік мәдениетін арттыруға көмектеседі, сондай-ақ ұйым ішіндегі парақорлыққа қарсы жүйені жетілдіру бойынша талаптарды анықтап, ұсыныстар береді.

Сондай-ақ, спикер бұл стандартты меншік нысанына, саласына және қызметкерлер санына қарамастан кез келген ұйымдар енгізе алатынын жеткізді.

Сондай-ақ, семинарда қала әкімі аппараты басшысының орынбасары Бағлан Асанбаев, «Digital Compliance» ЖШС өкілі Айпара Адибай комплаенс жұмысын ұйымдастыру және ISO 37001 Халықаралық сыбайлас жемқорлыққа қарсы стандартын енгізу туралы сөз сөйледі.

4 секциядан тұратын семинар барысында лекторлар квазимемлекеттік сектор ұйымдарының жұмысында сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенсті енгізудің негізгі тәжірибелерін жеткізді.

Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін анықтау және жою жөніндегі жұмыстың ішкі процестері, комплаенс-қызметтердің жұмысындағы негізгі проблемалар мен шешу жолдары,сондай-ақ жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бойынша қабылданып жатқан жүйелі шаралар түсіндірілді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша квазимемлекеттік сектор ұйымдары, коммуналдық мемлекеттік мекемелері және жеке компанияларда 206 комплаенс-офицерлер қызмет атқаруда.