​Шымкент: Әл-Фараби ауданындағы 175 кәсіпкерге айыппұл салынды

0
800

Сондай-ақ, 45 кәсіпкерлік нысаны өз еркімен жабылған.


​Шымкент: Әл-Фараби ауданындағы 175 кәсіпкерге айыппұл салынды

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданында санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында 4 жұмысшы тобы құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оған тиісті құзырлы органдардың өкілдері кірген.

Бұл туралы Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов мәлімдеді.

"Аудан аумағыдағы Shymkent Plaza, Mega Planet, ЦУМ және Береке атты 4 ірі сауда орталықтары жабылған. Ал, Акбар және орталық қырғы базарлардың жұмыс істеу уақыты шектелсе, Дархан базары толық жабылды. Жұмыс істеп тұрған базарлардың аумағында күніне 2 рет дезинфекция жасалуда. Сондай-ақ, базар әкімшіліктері саудагерлер мен келушілердің медициналық бетперде мен қолғап киюін және қолды антисептикалық өңдеуден өткізуін қадағалап отыр, -- деді Ғабит Патшаханұлы.

Қазіргі таңда аудандағы 12 кәсіпкерлік нысандары дене қызуын өлшегіш контактісіз тепловизормен қамтылған. Бүгінгі таңда барлық кәсіпкерлік нысандарды осындай құрылғылармен қамтамасыз ету бойынша жұмыс жүргізілуде.

Аудан әкімінің айтуынша, 45 кәсіпкерлік нысаны өз еркімен жабылды. Ал, шектеулерді ескермеген және санитарлық талаптарды орындамаған 175 кәсіпкерге әкімшілік хаттама толтырылып, айыппұл салынды. Сондай-ақ, Шымкент қаласының мамандандырылған ауданаралық сотының шешімімен төтенше жағдай кезінде қауіпсіздік талаптарын бұзған 5 азамат 3 тәулікке қамауға алынған.