ШЫМКЕНТ: Ассамблея мүшелеріне куәлік табыстау рәсімі өтті

0
727

Биыл Шымкент қаласынан 24 азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне қабылданды.


ШЫМКЕНТ: Ассамблея мүшелеріне куәлік табыстау рәсімі өтті

Бүгін 1 мамыр — Қазақстан халқының бірлігі күніне орай, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне куәліктерін тапсыруға арналған салтанатты рәсім өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Оған Шымкент қаласы ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысы Мұратжан Шотанов қатысты.

— Биыл Шымкент қаласынан 24 азамат Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелігіне қабылданды. Жақында Астана қаласында өткен ХХХІІ сессияда аталған азаматтардың куәліктері берілген болатын. Мемлекет басшысы, Ассамблея төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған куәліктерді Сіздерге салтанатты жағдайда тапсыру үшін бас қосып отырмыз. Алдағы уақытта Сіздермен бірге ел бірлігін нығайту жолында жемісті еңбек етеміз деп сенемін, — деген М.Шотанов жиынға қатысушыларды бүгінгі мерекемен құттықтады.

Басқарма басшысының қолынан куәлік алған азаматтардың қатарында қаладағы этномәдени бірлестіктердің жетекшілері, еңбек ардагерлері мен қалалық мәслихаттың депутаттары бар.

Бүгінде Шымкентте тұратын 1 192 120 (2023 жыл басындағы статистикалық дерек) халықтың 70,9 пайызын – қазақтар, 15,8 пайызын – өзбектер, 6,3 пайызын – орыстар, 1,8 пайызын – әзірбайжандар, 0,9 пайызын – татарлар және қалған 4,3 пайызын – өзге этностар құрайды.
Қалалық ҚХА жанындағы 17 этномәдени бірлестік пен 7 қоғамдық құрылым мемлекеттік саясат аясында кешенді жұмыстарды атқаруға жұмылдырылған.

Айта кетейік, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері А.Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтағы «Достық» аллеясына ағаш көшеттерін отырғызды.

Сенбілікке қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы, этномәдени бірлестіктердің төрағалары, «Ассамблея жастары» ұйымы мен «Жастар рухы» қозғалысының өкілдері және «Қоғамдық келісім» мекемесінің қызметкерлері қатысты.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген халық даналығын жадында ұстаған этнос көшбасшылары мен ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшылығы 18 түп көшет отырғызып, аллеядағы ағаштарды күтіп-баптау жұмыстарын үнемі назарда ұстайтынын жеткізді.
Ал, наурыз мерекесі қарсаңында аталған аллеяға қалалық ассамблея мүшелері 100 түп ағаш көшетін отырғызған болатын.