ШЫМКЕНТ: Блок-бекеттердегі жағдай қандай? (фото)

0
1 634

Бүгінде Шымкент қаласындағы блок бекеттердің саны 18-ге жеткен.


ШЫМКЕНТ: Блок-бекеттердегі жағдай қандай? (фото)

Өздеріңізге мәлім, еліміздегі төтенше жағдайға байланысты Шымкент қаласында 4 сәуір 21:00-ден бастап карантин енгізіледі. Бұл туралы кеше шаһар әкімі Мұрат Әйтенов мәлімдеген болатын.

Бүгінде Шымкент қаласындағы блок бекеттердің саны 18-ге жеткен. Мегаполиске кіріп-шығатын адамдар мен көліктер қатаң түрде тексеріліп, шектеу қойылған.

Осыған орай, ERNUR.KZ тілшісі қаладағы бірнеше блок-посттарға барып, арнайы фоторепортаж жасап қайтқан болатын.


Бұл "Бозарық" блок бекеті. Мұнда медицина, полиция және әскери қызметшілер тәулік бойы жұмыс жасап, қалаға кіріп-шығып жатқан адамдарды қатаң бақылауға алған. Тәулік бойы ауысым бойынша қызмет атқаратын олардың бос уақыттары мүлдем жоқ. Қойған сауалымызға мардымды жауап та ала алмадық. Блок бекеттерде қала аумағына кіруге ниетті адамдардың саны көп болғандықтан, жұмыс қарқынды жүруде. Халыққа кіруге не болмаса шығуға болмайтындығын, індеттің қауіптілігі мен төтенше жағдайдың режимін де түсіндіруде.

"Бұл бекетте 15 әскери қызметші жұмылдырылған. Ауысыммен жұмыс жасаймыз. Тосқауыл бекетін күзетеміз. Қазірше режимді бұзған оқиғалар болған жоқ. Қазір халықтың өзі де жағдайды түсінген. Басында түсінбеушілік орын алған. Блок-посттардан өтушілер саны азайып жатыр. Алайда, қыр асып өтіп кетуге талпынған адамдар ұсталды. Оларға ескерту берілді", - дейді аға-лейтенант Жылқышиев Айдос Ергешұлы 2570 әскери бөлімінің батаольон командирі.


Блок бекетте тұрған медицина қызметкері А.Төлепованың айтуынша, адамдардың дене қызуы 37 градустан жоғары болса, ол адам міндетті түрде бақылауға алынады. Осында тұрған жедел жәрдем қызметі лезде іске кірісетін болады.

Ал, республикалық маңызы бар Шымкент-Ташкент тас жолындағы блок бекетте қаз-қатар тұрған жүк көліктерінің саны басым.

Барлығы қатаң бақылауда. Тіпті қала территориясына кіре алмай, сарсаң болып отырған халық көп.

Бұл азаматтар блок-посттың арғы бетінде қала аумағына кіре алмай жүргендер.

Алайда, қала аумағына өтіп жатқандар тек Шымкенттің тұрғындары. Яғни, мекен-жайы Шымкент қаласында болуы тиіс.

"Осыдан бірнеше апта бұрын Сарыағаш ауданына кетіп едім. Қалаға карантин енгізіледі деген соң, қайтадан қайтуды жөн көрдім. Мен өтіп кеттім, бірақ інімді өткізбеді. Соны күтіп тұрмын",- деді қала тұрғыны. (Аты-жөнін жарияламауымызды өтінді)


Бадам блок-постында да қала аумағына өтуге ниетті адамдар өте көп.




Олардың барлығы жеке-жеке тексеруден өтіп, қалада тіркелгендігі де қадағалануда.


Ал, Шымкенттен өзге өңірге шығу аса көп уақытты алмайды. Дене қызуы тексеріледі және қала аумағына қайта кіре алмайтындығы міндетті түрде ескертіледі.