ШЫМКЕНТ: Чернобыль құрбандарын еске алу шарасы өтті

0
428

Жиналған көпшілік апат салдарынан қаза болған сарбаздардың құрметіне ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды.


ШЫМКЕНТ: Чернобыль құрбандарын еске алу шарасы өтті

Шымкент қаласында Чернобыль апатына 37 жыл толуына орай, Чернобыль ардагерлері одағының ұйымдастыруымен апат құрбандарын еске алу және ардагерлердің ерлігіне тағзым кеші өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Чернобыль құрбандары аллеясында өткен іс-шараға Чернобыль апатының, Ауған, Тәжік-Ауған, Таулы Қарабақ, «Семей сынақ», «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық ұйымдарының ардагерлері қатысты.

Жиналған көпшілік апат салдарынан қаза болған сарбаздардың құрметіне ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен еске алды. Жиында сөз алған Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқарма басшысының орынбасары Бексұлтан Әділханов бұл күннің маңыздылығына тоқталып, белсенді ардагерлерді марапаттады.
Бүгінде шаһарда Шымкент қаласы ҚР Қарулы күштер ардагерлер қоғамдық коолициясының ұйымдастыруымен тұрғындарға қол ұшын беру және патриоттық іс-шаралар тұрақты өтіп тұрады. Атап айтатын болсақ, ұйым Қостанай облысындағы алапат өрт пен Мақтаралдағы су тасқыны кезінде тұрғындарға қол ұшын созып, белсенділік танытқан.
Сондай-ақ, іс-шара барысында патриоттық әндер шырқалып, қоғамдық бірлестіктер ардагерлерге сый-сияпат табыстады.
Айта кетейік, биыл Чернобыль апатына 37 жыл. Бұл- адамзат тарихындағы ең сұмдық техногендік апаттардың бірі. Сондай-ақ, дүниежүзі тарихындағы ең ірі жарылыстың бірі болды. Украинағы Чернобыль алапат апаттың зардабын жоюға бұрынғы Кеңес Республикаларынан 600 мыңға жуық адам жұмылдырылды. 1986 жылы Украинаның Чернобыль қаласында атом электр станциясы жарылып, оның зардабын жоюға Қазақстаннан 52 мыңнан астам әскерилер тартылған. Өкінішке орай, оның зардабын ардагерлеріміз әлі күнге тартып келеді. Бүгінгі таңда елімізде Чернобыль апатының зардаптарын жоюға атсалысқан 2500 ардагер ғана қалған. Ел амандығы үшін тәуекелге бел буып, жанын қиған сарбаздардың ерлігі жадымызда мәңгілік сақталады.