Шымкент ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік торабына айналады

0
1 064

Шымкент әкімі АҚШ-тың бас консулымен кездесті.


Шымкент ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік торабына айналады

Шымкент қаласының әкімі Ерлан Айтаханов ҚР-дағы АҚШ-тың Бас консулы Эрик Майермен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, сауда-экономикалық, инвестициялық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастық мәселелері талқыланған кездесуде Е.Айтаханов АҚШ-пен қарым-қатынасты дамытуға және нығайтуға үлкен мән берілетінін айтты.

«Біз үшін АҚШ – сенімді серіктес, жаһандық экономиканы дамытудың жетекші орталығы, тиімді басқару мен инновациялардың көшбасшысы. АҚШ Нидерландыдан кейін Қазақстандағы екінші ірі инвестор болып табылады. Осы бағыттағы іскерлік қарым-қатынасты дамытуға әзірміз. Шымкент – Қазақстанның үшінші мегаполисі, елдің жетекші өндірістік және экономикалық орталықтарының бірі. Ұлы Жібек жолының бойында орналасқан Шымкент қаласы ірі транзиттік дәліздерге арналған көлік хабына айналады», - деді Е.Айтаханов.


Сондай-ақ, Шымкентте бизнес климатты дамытуға барлық жағдай жасалғанын айтқан Ерлан Қуанышұлы американдық компанияларды қонақ үй, мейрамхана бизнесі мен ақпараттық технологиялар және құрылыс, жеңіл өнеркәсіп өндірісі мен ауыл шаруашылық өнімдерін қайта өңдеу саласына инвестиция салуға шақырды. Оған қоса, ағылшын тілі әлемдік тіл екеніне тоқталған қала басшысы миллионды қала үшін өскелең ұрпақтың ағылшын тілін меңгергені маңызды екенін, американдық инвесторлармен жекеменшік мектеп салу бойынша әріптестік орнатуға ниетті екенін жеткізді.


Ал, АҚШ-тың Бас консулы өз кезегінде Қазақстанның іскерлік, мәдени, білім және ғылым орталығы болып табылатын Шымкенттің екі жақты байланыс үшін маңызды екенін атап өтті. Сонымен қатар, Э.Майер Е.Айтахановқа Шымкент қаласында қараша айында өтетін «Тоғызыншы Орталық Азия сауда форумының» ұйымдастырылуына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

Айта кетейік, кездесу соңында тараптар екі ел халықтарының игілігі үшін барлық бағыттар бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға ниетті екенін білдіріп отыр.