ШЫМКЕНТ: қала әкімі бірқатар нысанды аралады

0
202


ШЫМКЕНТ: қала әкімі бірқатар нысанды аралады

ERNUR.KZ. Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Жеңіл өнеркәсіп және сервис колледжіне» барып, мәселелерімен танысты.


Аталған колледжде 1121 студент күндізгі бөлімде білім алады. Кадрларды даярлау «тоқыма өндірісі» мен «тігін өндірісі және киімдерді үлгілеу» мамандықтары бойынша жүргізіледі. Дуалды оқыту бағытында 527 студент білімін жетілдіруде. Оқу орны 15 кәсіпорынмен келісімшарт жасаған. Сондай-ақ «Жас маман» жобасы аясында «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында Құзыреттік орталығы ашылған. Мұнда 10 оқу-өндірістік шеберханасы жұмыс атқарады. Орталық 1 ауысымда 200 баланы қамти алады.

Колледжде оқу үдерісін ұйымдастыру үшін 5 оқу ғимараты жұмыс істеуде. Бұл ретте оқу процесіне пайдаланатын ғимараттың 3-қабаты жекеменшік иелігінде. Мәселемен танысқан қала әкімі жауаптыларға жекеге өтіп кеткен меншікті мемлекет иелігіне қайтару бойынша тапсырма міндеттеді.

Аралау барысында қала басшысы «Рахат-Шымкент» ЖШС кәсіпорынның жұмысымен танысты. Фабрика 2000 жылы құрылды. Негізгі акционері – кондитерлік өнімдердің ірі әлемдік өндірушісі кореялық LOTTE Confectionery компаниясы. Кәсіпорын қантты күлше, вафли, вафли түтіктері, карамель, зефир және мармелад өндірістерін жолға қойған. Бүгінде өндіріс көлемі жылына 24,0 мың тоннаға дейін өсті. Мұнда 1 мыңнан аса жұмысшы еңбек етуде.

Қала әкімі кондитерлік өнімдер желілерін дамыту барысында көптеген жобаны іске асырып отырған ірі кәсіпорынға әріптестік аясын кеңейте түсуді жеткізді.