ШЫМКЕНТ: Қала әкімі Түркия инвесторларымен кездесті

0
376

​Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді.


ШЫМКЕНТ: Қала әкімі Түркия инвесторларымен кездесті
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Түркия инвесторларымен кездесті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
«Işıklar Paper Sack Co. Ltd.» компаниясының өкілдері қалада қағаз шығаратын зауыт ашуды жоспарлауда.
Кездесу барысында тараптар жобаны жан-жақты талқылап, ұсыныстарын жеткізді. Шетелдік холдинг бағыты қағаз ыдыстарын өндірумен қатар бірнеше желіні қамтиды. Машина паркінің жалпы қуаты жылына 380 миллионнан астам қағаз қаптар шығаруға мүмкіндік береді. Бүгінгі таңда холдинг өнімдерінің 42%-ы 50-ден астам елге экспортталады.

Мұрат Дүйсенбекұлы инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетілетінін жеткізді. Жобаны іске асыруға «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағынан жер бөлу жоспарлануда.

Еске сала кетейік, Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов Қазақстан Корейлер Қауымдастығының өкілдерін қабылдаған болатын. Кездесу барысында Корея Республикасы мен Шымкент қаласы арасындағы өзара ынтымақтастық, мәдени және этносаралық байланыстарды нығайту мәселелері талқыланды.

Бүгінгі таңда үшінші мегаполисте 6618 корей тұрады. Екі елдің дипломатиялық қатынастары нәтижесінде Шымкент пен Корея арасындағы тауар айналымы жылдан жылға артып келеді. Былтыр тауар айналым көрсеткіші 45466,18 мың АҚШ долларын құрады. Бұл 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 188% - ға жоғары.

Қазір елімізде Samsung, Hyundai, Lotte, Posco, KNOC және басқа да жетекші корпорацияларды қоса алғанда, корей капиталы бар 550-ден астам кәсіпорын жұмыс істеуде. Алдағы уақытта қос тарап сауда-экономикалық және мәдени байланыстарды күшейтуге уағдаласты.

Президенттің тапсырмасы бойынша биыл сәуір айында елімізде іске асырылып жатқан барлық инвестициялық жобалардың бірыңғай пулы қалыптастырылды. Аталған пул тоқсан сайынғы негізде жаңартылып, министрліктер мен әкімдіктердің сайттарында жарияланды. Көптеген жобаларды іске асыру 2025-2026 жылдарға дейінгі кезеңдерді қамтиды.