Шымкент қаласының әкімі республикалық акцияға тұрғындарды жұмылдыруды тапсырды

0
316

Республикалық экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді.


Шымкент қаласының әкімі республикалық акцияға тұрғындарды жұмылдыруды тапсырды

Шымкентте қала әкімі Ғабит Сыздықбеков «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясын ұйымдастыру бойынша арнайы жиын өткізді, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Онда қала аумағында тазалық шараларын тиімді ұйымдастырудың тетіктері қарастырылып, өзекті мәселелер пысықталды.

Республикалық экологиялық акциясын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Акция аясындағы атаулы 5 аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, ұйымдар, кәсіпорындар өздеріне тиесілі аумақтарды, аулаларды тазартады.
«Киелі мекен» шарасы аясында тарих және мәдениет ескерткіштерінің аумағына абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, «Жасыл аймақ» аптасында ағаш көшеттері отырғызылады. Ал «Өнегелі ұрпақ» аптасы ардагерлердің аулалары мен қарттар үйлерінің аумақтарын тазалаумен ерекшеленсе, «Мөлдір бұлақ» шарасы шеңберінде су айдындарының жағалауы қоқыстан тазартылады.
Қала әкімі жауаптыларға белсенді азаматтармен тығыз жұмыс жүргізіп, жергілікті халықты сенбіліктерге тартуда нақты тапсырмалар берді. Бұл бағыттағы шаралардың тұрғындар жауапкершілігін арттырып, қала тазалығын жақсартуда маңызы зор.

Айта кетейік, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев облыстар мен қалалардың әкімдеріне аумақтарды абаттандыру, көгалдандыру жөнінде бірқатар тапсырма берді. Оның ішінде cу тасқынына ұшырамаған облыстар мен қалалардың әкімдеріне көшелерді тазарту, көгалдандыру және елді мекендердің аумақтарын абаттандыру науқанын бастауды тапсырды. Сонымен қатар жолдарды ретке келтіру міндеті жүктелді.

Осыған орай елімізде «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталған болатын. Науқан 5 аптаға созылады. Айта кететін жайт әр аптаның тақырыбы және мақсаты бар.
Бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Осыған орай Шымкент қаласында да акция аясында тазалау жұмыстары бастаған еді. Алғашқы бірінші аптада тұрғындар, қоғам белсенділері, кәсіпорын қызметкерлері аумақтарда белгіленген аулаларды тазалап жатыр. Қазіргі кезде көшелер сыпырылып, арықтар мен жол жиегіндегі қоқыстар жиналуда.