ШЫМКЕНТ: «Мейірім – жүректен» атты ауқымды іс-шара басталды

0
489

«Мейірім – жүректен» жобасы 25 мамырға дейін барлық білім беру ұйымдарында жалғасады.


ШЫМКЕНТ: «Мейірім – жүректен» атты ауқымды іс-шара басталды

Бүгін Шымкентте қалалық прокуратура және білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған «Мейірім – жүректен» атты бір айға жоспарланған ауқымды іс-шара басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Аталған бастама жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жас буынның өмірге деген құлшынысын арттыру, жігерлендіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Іс-шара 25 сәуір мен 25 мамыр күндері аралығында өтеді.
Жоба аясында білім ұйымдарында өтіп жатқан іс-шаралар барысымен таныс болу үшін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Алдымен БАҚ өкілдері «Жеңіс» балабақшасына ат басын бұрып, балалардың ұйымдастырған арнайы ашық сабағының куәсі болды.
Содан кейін Жол- көлік колледжі мен №135 жалпы орта мектебінде ұйымдастырылған бірқатар іс-шаралармен танысты.
Бүгінде басқарма тарапынан ата-ана, ұстаз және оқушының байланысын нығайту мақсатында «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», «Өзін-өзі басқару» мектеп парламенті, «Дебаттық қозғалыс» сынды тәрбиелік мәні бар жобалар іске асырылып келеді. Бірі сыни ойлау дағдыларын қалыптастырса, енді бірі көркем әдебиетке қызығушылықты оятады.
Ең бастысы ата-ана, оқушы мен мектеп байланысын арттыруға үлесі мол.
Жастарды мейірімділікке баулитын жоба аясында бірқатар кешенді іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде түрлі кездесулер, семинар-конференция, дебат, форум, экскурсия мен акциялар ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, психологиялық көмек көрсету, үнқағаз тарату, сауалнама өткізу жиындары да бар, – деді Жол-көлік колледжінің директоры Гүлзат Үкібайқызы.

Айта кетейік, бүгінде кәмелетке толмағандар арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алу мақсатында 7 бағытты қамтитын кешенді іс-шаралар жоспары бекітіліп, тиісті жұмыстар жүргізілуде. Бүгінде кәмелетке толмағандардың істері және олардың құқықтарын қорғау комиссиясының құрамында 56 мүше бар. Олар ата-ана құқығынан айыру, бейімдеу немесе девиантты балалар орталығына жіберу, кешкі мектепке орналастыру және білім беру ұйымдарының есебін тыңдау негізінде жұмыс істейді.