ШЫМКЕНТ: “Мүмкіндіктер алаңы” жәрмеңкесінде 5 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды

0
411

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі​ мәлімдеді.


ШЫМКЕНТ: “Мүмкіндіктер алаңы” жәрмеңкесінде 5 мыңға жуық жұмыс орны ұсынылды

Шымкентте үш жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келе жатқан «Мүмкіндіктер алаңы” бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде 120 жұмыс беруші мекеме тарапынан 5000-ға жуық бос жұмыс орны ұсынылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Жұмыс іздеген азаматтарға медициналық, техникалық, жеңіл өнеркәсіп пен басқа да қызмет көрсету салалары бойынша уақытша және тұрақты жұмыс орындарына орналасу мүмкіндігі берілді.

«Арбат» алаңында өткен бос жұмыс орындары жәрмеңкесінде Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қарағанды, Қостанай мен Шығыс Қазақстан, Ұлытау және Абай облыстарынан арнайы келген өкілдер бос жұмыс орындарын ұсынды.

Аталған іс-шараның мақсаты – қаланың жоғары және орта арнаулы оқу орындарының түлектері мен жұмыссыз жүрген азаматтарды нәтижелі әрі тұрақты жұмыспен қамту. Осыған байланысты қалалық жұмыспен қамту орталығының мамандары жұмыс берушілермен келіссөздер жүргізіп, екі тарапқа да тиімді шарттардың болуын қадағалайды.
Халықты жұмыспен қамтып, әл- ауқатын арттыру мақсатында биыл 57 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамту шараларына қатыстыру жоспарланған болатын.

Оның ішінде, «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту ұлттық жобасы шеңберінде 33 500 адамды жұмыспен қамту көзделіп, бүгінде 20 мыңға жуық адам қамтылған. Сондай-ақ, қалада іске асырылып отырған Ұлттық жобалар шеңберінде және жеке кәсіпкерлердің жеке бастамасымен «2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары» бойынша биыл 23 420 жұмыс орны (тұрақты – 22 044, уақытша – 1376) құрылады. Қазірдің өзінде 10 043 жұмыс орны ашылған.
Айта кетейік, Шымкентте биыл 260-қа жуық жас жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, өз кәсібін дөңгелетуге мүмкіндік алады. Бұл игілікті істер Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылы 1 қыркүйектегі Жолдауындағы жастардың кәсіпкерлігін дамыту үшін жылдық 2,5 пайыз жеңілдікпен микрокредит беру тапсырмасы және 2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамытудың Ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Миллионды қала тұрғындарының 23 пайызын жастар құрайды. Осы орайда, мемлекет тарапынан қарастырылған мұндай жеңілдіктер жастардың кәсіпкерлігін дамытуға зор ықпал болғалы тұр. Жеңілдетілген несиені жаңадан кәсіп ашқысы келетін немесе кәсіпкерлікпен айналысатын 21 жастан 35 жасқа дейінгі азаматтар ала алады.