ШЫМКЕНТ: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 35 жоба іске асырылды

0
386

Нәтижесінде 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды.


ШЫМКЕНТ: «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 35 жоба іске асырылды

Шымкент қаласындағы «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында 35 жоба іске асырылып, 2,5 мыңнан астам жұмыс орындары құрылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

1 теңге бюджеттік инвестицияға 15 теңге жеке инвестиция тартылды. Жалпы аймақ жұмыс істеп тұрған кезеңнен бері аймақ қатысушыларымен бюджетке 8,2 миллиард теңге салықтық және әлеуметтік аударымдар жасалған.

Жұмыс істеп тұрған индустриялық аймақтардың жобалармен жылдам толуына байланысты аумағы 867 га 5 жаңа өнеркәсіптік алаңдар құрылуда. Нәтижесінде, инвестиция көлемі 398 миллиард теңгені құрайтын 271 жоба іске асырылатын болады.
Сондай-ақ, «Тассай» индустриялық аймағында 50,3 миллиард теңгеге 2,6 мыңға жуық жаңа жұмыс орнымен 42 жоба іске асырылуда.
Оның ішінде, жалпы құны 36,7 миллиард теңгелік 24 жоба іске қосылып, онда 1,8 мыңнан астам жұмыс орындары ашылды.

Ал, 2023 жылы 7 жобаны жүзеге асыру жоспарланған. Инвестициялық құны – 2 миллиард теңгені құрайды. Нәтижесінде 200 жаңа жұмыс орны құрылады.

Сонымен қатар, «Бозарық» тамақ өнеркәсібінің индустриялық аймағының инженерлік-инфрақұрылымдық желілерін аяқтау жоспарлануда.

Айта кетейік, Шымкент қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру мақсатында 2023-2027 жылдары жүзеге асырылатын 227 инвестициялық жобалардың базасы жасақталды. Инвестициялық ресурстардың өміршеңдігін қамтамасыз ету үшін мемлекеттік қолдау жұмыстары жүргізілетін болады. Жобалардың жалпы құны 1,7 триллион теңгені құрайды және жаңадан 18 мыңнан аса жұмыс орындары ашылады. Оның ішінде 2023 жылы құны 129 миллиард теңгені құрайтын 49 инвестициялық жоба іске асырылып, 2500 жаңа жұмыс орындарын ашу жоспарлануда. Биылғы жылдың қаңтар-наурыз айларында 84,8 миллиард теңгеге келіссөздер жүргізіліп, даму стратегиясы нақтыланған инвестициялық жобалар тартылған.