ШЫМКЕНТ: Полицейлер мектеп бітірушілердің көшеде "кортежбен" жүруіне тыйым салады

0
1 456

24-25-26 мамыр күндері полицейлер Шымкент қаласындағы көшелер мен қонақ үйлер, мейрамханаларда рейдтік шара жүргізіледі.


ШЫМКЕНТ: Полицейлер мектеп бітірушілердің көшеде

иллюстрациялық фото: ғаламтордағы ашық дереккөзден

Шымкенттік полицейлер 24-25-26 мамыр күндері мектеп бітіруші түлектердің қала көшелерінде қымбат автокөліктермен шеруге шығуына қарсы рейдтік шара ұйымдастырады, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Бұл жөнінде Шымкенттегі мектептердің басшыларымен және белсенді оқушылармен кездесу барысында қалалық білім басқармасының бас маманы Әшір Әдеев мәлімдеді.



"Қазіргі қымбат көлікті жалға берушілерге қарсы, полиция 24-25-26 күні қымбат көліктерімен шеруге шығушыларға қарсы рейд жүргізеді. Сол шеруде қандайда бір машинаның ішінде жүргізуші 3-4 баламен отырса, оны ұстайды. Көлікті айыппұл тұрағына қояды. Айтуларыңыз мүмкін заңсыз деп. Оның заңын табамыз деді полицейлер. Қымбат көлікті жалдау үшін 20-30 мың теңге бересіз. Енді мектептен сол көлікпен шыққанан кейін сіздерді полицейлер ұстайды. Полиция ұстағаннан кейін артқа қайтасыз, 30 мың теңгеңіз автокөлікте қалады. Оны айыппұл тұрағына апарады. Ақшаларыңыз күйіп, жылайсыздар", - деп ескерту жасады ол.

Маманның айтуынша, Шымкент қаласы полиция департаментінің бастығы шаһардағы мектеп басшыларын жинап, оқушылардың мейрамханалар мен қонақ үйлерді жалға алып қоштасу кешін жасауына тыйым салынатынын айтқан. Сол күндері кәмілет жасқа толмаған балаларды мекемесіне кіргізген қонақ үй, мейрамхана қожайындарына да айыппұл салынатынын жеткізіпті. Ал, мектеп бітірушілер жекеменшік мекемелерге ата-анасыз барса, олардың әке-шешесін әкімшілік құқықбұзушылық заңы бойынша жауапқа тарту қарастырылады екен.



Бұл күндері Шымкенттегі әрбір мектептің маңында полицияның 10 инспекторы кезекшілік ұйымдастырады. Өйткені, бұл күндері оқушыларға мектеппен қоштасу кешін білім ошағы қабырғасында өткізу ұсынылып отыр. Шәкірттер білім басқармасы тарапынан жасалған бұл ұсынысты бір ауыздан қолдады.