ШЫМКЕНТ: Саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша экспедицияға жолға шықты

0
374

Экспедицияның алғашқы бекеті Шымкент қаласына жер аумағы қосылған Төлеби ауданы архиві.


ШЫМКЕНТ: Саяси қуғын-сүргін мәселелері бойынша экспедицияға жолға шықты

Қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі мемлекеттік комиссия Шымкент жұмыс аудандық архивтерді аралау үшін экспедицияға шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Экспедицияның алғашқы бекеті Шымкент қаласына жер аумағы қосылған Төлеби ауданы архиві.
Аудандық архив 1992 жылы құрылған. Осыған байланысты қуғын-сүргін мәселелері бойынша түзілген құжаттар бұл архив қорларына сақтауға берілмегендігі анықталды. Дегенмен, экспедиция құрамындағы зерттеушілер Г. Жанысбекова, Г. Орынбасарова, Ж. Таштанов, Г. Нарымбет және Ж.Әшим ізденістерінің нәтижесінде 100-ге жуық парақ құжат материалдары табылып, көшірмесі жасалып алынды. Алдағы уақытта зерттеушілер осы құжаттарға ғылыми талдама жұмыстарын жүргізуді жоспарлауда.

Сондай-ақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау жөніндегі жарлығын орындау мақсатында - Жоғары білім және ғылым министрі Саясат Нұрбектің төрағалығымен ZOOM платформасы арқылы Мемлекеттік комиссияның жалпыреспубликалық мәжілісі өтті. Мәжілісте министр Мемлекеттік комиссия мен өңірлер алдында тұрған мәселелерді нақтылап, тапсырмалар берді. Республикалық жобалық кеңсе жетекшісі С.Қасымов әр өңір жасаған зерттеулерге талдаулар жасап өтті. Мәжіліске Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Қ.Асылов, ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасы басшысының орынбасары Б. Әділханов, Шымкент өңірлік Жұмыс тобының жетекшісі Г.Жанысбекова және зерттеуші ғалымдар Ә.Сейдехан, Г.Серікбаева, Б.Айтай, Б.Найманбаев, Ж.Таштанов, Е.Пазилов қатысты. Сондай-ақ, Президент 31 мамыр – Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай Twitter-де арнайы жазба жариялады.

Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың бастамасымен қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау үшін 2020 жылы арнайы Мемлекеттік комиссия құрылды.

Оңтүстiк Қазақстан, қазіргі Түркістан облысы мен Шымкент қаласы бойынша 2500-ден аса адам «Халық жауы» ретінде атылды. Бүгінде Шымкент қаласы Полиция департаментінің арнайы мемлекеттік мұрағатындағы қуғын-сүргінге ұшыраған 563 азаматтың құжаттары толық ақтау бойынша қаралуда. Бүгінгідей бейбіт заман, кемелді келешек үшін жанын пида еткен қазақ зиялыларын ақтау, жаңарған қоғамда лайықты, мәртебелі ордарын беру - азаматтық парызымыз! Бүгінгі ұрпақ саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарының рухына тағзым етіп, есімдерін мәңгі есте сақтап, мақтан етеді.