ШЫМКЕНТ: Солтүстік саяжай сапалы электрмен қамтылады

0
819

Қала әкімі аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті.


ШЫМКЕНТ: Солтүстік саяжай сапалы электрмен қамтылады

Шымкент қаласы Абай ауданына қарасты Солтүстік саяжай елдімекенін сапалы электр қуатымен қамту толығымен аяқталып, тұрғын үйлерді мемлекеттік желіге қосу үшін абоненттеу жұмысы басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі аумаққа арнайы барып, тұрғындармен кездесті. Кездесуде мәслихат депутаттары мен БАҚ өкілдері де болды.

Құрылыс барысында 4 773 электр бағанасы мен 70 трансформатор орнатылып, 145 шақырым электр желілері тартылды.

Бұған дейін Солтүстік саяжай елдімекені тұрғындары жекеменшік желіден сапасыз электр қуатын тұтынып келген болатын. Ең бастысы, осыған дейін тұрғындарымыз 1кВ электр қуаты үшін 30-35 ₸ төлеп келген болса, қазір ол баға арзандап, 17,96 ₸ түсті.

Енді тұрғындар қажетті құжаттарды «ОңтүстікЖарықТранзит» ЖШС мекемесіне өткізу арқылы мемлекеттік желіден электр тұтына алады.

Жалпы жұмыс нәтижесінде, Солтүстік саяжайдағы 5 784 абонент сапалы электр қуатымен қамтылмақ.

Биыл шаһарда сапалы электрмен қамту мақсатында 6 елдімекенде құрылыс жұмысы қарқынды жүруде.

Жыл қорытындысымен, Достық, Тұран, Нұртас, Сәуле, Жаңаталап елдімекендерінде құрылыс жұмысы аяқталып, 22 мыңға жуық халық сапалы электрмен қамтылуға мүмкіндік алады.

Үшінші мегаполисте қазіргі таңда, электрмен қамту деңгейі 97%-ды құрайды. Қаладағы 81 елді мекеннің 73-і сапалы электрмен қамтылған. Ал қалған 8 елді мекенде электр қуаты сапасыз. Өткен жылы қалада «Бозарық» 220 КВ мен«1-М-1» 110КВ электр тарату станциясы және 7 елді мекенде құрылыс аяқталып, пайдалануға берілген болатын. Нәтижесінде Ақжар, Жалын, Достық, Ынтымақ-2, Айкөл, Игілік және Тәуелсіздікке 20 жыл елді мекендері сапалы электр қуатымен қамтылды.

Айта кетейік, биыл қалада сапалы электрмен қамту көрсеткіші 98 пайызға жеткен болса, 2023 жылы мегаполистегі барлық елдімекендер 100 пайыз сапалы электр қуатымен қамтылатын болады.