Шымкент түрмесіндегі әйелдер шет тілін меңгеріп жатыр

0
2 121

Жазасын өтеушілер пән салалары ғана емес, кәсіптік білім және шет тілдерін де меңгеруге көшкен. Бұл жөнінде құзырлы орган және білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.


Шымкент түрмесіндегі әйелдер шет тілін меңгеріп жатыр

ERNUR.KZ. Түрмедегі нәзікжандылар мектеп бағдарламасы негізінде білім алып, сауаттарын қайта арттырып жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ otyrar.kz порталына сілтеме жасап.

Жазасын өтеушілер пән салалары ғана емес, кәсіптік білім және шет тілдерін де меңгеруге көшкен. Бұл жөнінде құзырлы орган және білім бөлімі өкілдерінің қатысуымен өткен жиында айтылды.

Мамандардың айтуынша, ИЧ-167/4 түзету мекемесіндегі әйелдер бостандыққа шыққанда абдырап қалмауы тиіс. Психологиялық және медициналық әлеуетін жақсартып, қоғамға сіңісуі маңызды. Бұл үшін қазір «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасы қолға алынып, жүзеге асып жатыр. Жоба аясында, жазасын өтеушілердің алдағы өмірі — жұмыспен қамтылуы, бостандықта тұрақтайтын мекен-жайымен қамтамасыз ету, әлеуметтік-құқықтық мәселелерін шешу көмектері кеңінен қамтылған.

«Біз өз мектебімізде математиканы, қазақ, ағылшын, неміс тілдерін үйреніп, білім алудамыз. Қазір 60 адам екі ауысыммен алмасып, оқып жүрміз. Берілген үй тапсырмасын да орындаймыз. Мәселен, соңғы сабағымыз биология пәні бойынша, «Мен осы жазды қалай өткізудемін?» тақырыбы аясында өрбіді. Бастысы, біз мұнда сауатымызды мейілінше арттыруға көштік», - дейді жазасын өтеуші Клавдия Вербицкая.

ИЧ-167/4 түзету мекемесіндегі жазасын өтеушілер енді бостандыққа шыққанда да «Оңалту түрмесі» пилоттық жобасына жүгіне алады. Осы мақсатта, тиісті мемлекеттік мекемелер — білім, ішкі саясат, жұмыспен қамту, денсаулық сақтау басқармалары да түгелімен түзілген келісімшарт негізінде, әлеуметтік көмектерге жұмылдырылады.

Мамандар жыл бұрын қабылданған бұл жоба сотталған азаматшалардың еркіндікке шыққан соң, қайта қылмысқа бармауына септігін тигізеді деп сенеді.