Шымкентке ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі келді

0
517

Тимур Сұлтанғазиев қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты.


Шымкентке ҚР денсаулық сақтау бірінші вице-министрі келді

Шымкентке жұмыс сапарымен келген Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі Тимур Сұлтанғазиев қаладағы бірқатар медицина ұйымдарын аралап, жұмыстарымен танысты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Денсаулық сақтау бірінші вице-министрі ең алдымен қалалық онкологиялық орталығында ашылған яндролық медицина орталығында болды. Онда заманауи технологиялық аппараттар қатерлі ісікті ерте кезеңде анықтап, науқастарға шұғыл, сапалы медициналық көмек көрсетуге мүмкіндік береді.
Соңғы 4 жылда онкологиялық орталықта 2 мыңға жуық науқасқа түрлі деңгейдегі эндоваскулярлы оталар жасалынды. Кіші инвазивті операциялардың науқас өмірін сақтауда маңызы зор.
Күрделі жөндеуден өтіп, заман талабына сай жаңғыртылған N2 қалалық ауруханасында болған Тимур Сламжанұлы қабылдау бөлімі, сәулелі диагностика, ангиография кабинеті мен инсульт бөлімшесінің жұмыстарын тексерді. Ауруханадағы КТ кабинеттері мен жансақтау бөлімдері соңғы үлгідегі құрылғылармен жабдықталған.
Сондай-ақ вице-министр бастаған делегация бір мезетте 500 адамды қабылдай алатын N1 қалалық емханасындағы тіркеу орнын мен егу, күндізгі стационар мен процедуралық кабинеттерді аралап, жергілікті дәрігерлермен пікір алмасты.
Айта кетейік, Шымкент қаласы бойынша стационарлық көмек көрсететін 15 медициналық ұйым бар. Ал, жалпы төсек-орын саны 3407 құрайды. Сонымен қатар, қалада көп бейінді 4 стационар бар. Оның ішінде қалалық клиникалық ауруханасында 490 төсек орын, №2 қалалық ауруханасында 390 төсек орын, №3 қалалық ауруханасында 210 төсек орын, қалалық балалар клиникалық ауруханасында 315 төсек орын бар. Сондай-ақ қалада 5 монопрофильді стационар да жұмыс істейді. Шымкент жүрек орталығында 134 төсек орын, қалалық онкологиялық орталықта 231 төсек орын, Т.О.Орынбаев атындағы гипербарикалық оксигенация орталығында 125 төсек орын, психикалық денсаулық орталығында 435 төсек орын, қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы 360 төсек орынмен жабдықталған.