Шымкентте 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылды

0
525

Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылды.


Шымкентте 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылды

Шымкент қаласында 350 шақырым көшенің жол таңбалары жаңартылып, сызылды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті.

Қауіпсіз жол қозғалысын ұйымдастыру мақсатында көшелерде жол таңбаларын жаңарту, бағдаршам, жол белгілері мен жасанды жол кедергілерін орнату, жаяу жүргіншілер өткелдері мен оң жақ өткелдер салу жұмыстары қарқынды жүргізілуде.

Жыл басынан бері белгіленген аумақтарға 1079 жол белгісі орнатылып, 220-сы жаңаланды, қажеттілігі бар аумақтарға 10 бағдаршам қойылды. Жыл соңына дейін тағы 4 мың дана жол белгісін орнату жоспарлануда.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар орындарда жол қауіпсіздігін қамту мақсатында 400 метр жасанды жол кедергілері орнатылды.
Көлік қозғалысына ыңғайлы жағдай жасау мақсатында Назарбеков - Бәйтереков көшелері қиылысында, Кеңжарық - Патеев көшелерінде, Бәйдібек би даңғылы, Тұран шағын ауданына бұрылыста оң жақ өткелдер құрылысы қарқынды жүріп жатыр.
Сондай-ақ, Алаш, Бекжан базарлары маңында, Темірлан тас жолы мен А-2 айналма жолында 3 жер асты жаяу жүргіншілер өткелінің құрылыс жұмыстары атқарылуда.
Айта кетейік, Шымкентте биыл жалпы жол жабындысы жағдайын жақсарту мақсатында 300-ге жуық көше орташа жөндеуден өтеді. Құрылыс жұмыстары 202,6 шақырымға жүргізіледі. Қазір қала аумағындағы 26 көшеге асфальт төселуде. Асфальттеу жұмыстары Агропром шағынауданындағы Алтынтөбе, Құрсай шағынауданындағы Бекболатов және №1,2,3,4,5,6 көшелерде, Айнатас тұрғын алабында Шоқтас және Боғылысай, Асар-2 шағынауданында Күншоғыр және №1,2,3 көшелерде, Ақжайық шағынауданында Шұбарсу, Сәдуақасов, Алпысбаев көшелерінде, Қызылжар шағынауданында Маралды көшесінде, Орманшы тұрғын алабындағы Алатау және Қажымұқан, 1,2 көшелерде, Базарқақпа тұрғын алабында Алай көшесінде аяқталды. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жоспарға енгізілген барлық көшеде жалғасады. Нәтижесінде мегаполис жолдарының жақсы және қанағаттанарлық жағдайы 71,2 пайызға жетеді.