Шымкентте әр жексенбіде “Аула чемпионаты” өтіп жатыр

0
671

Бүгінгі күнге дейін 44 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді.


Шымкентте әр жексенбіде “Аула чемпионаты” өтіп жатыр

Шымкент қаласында әр аптаның жексенбі күндері төрт аудан аумағында орналасқан спорт алаңшаларда «Аула чемпионаты» ұйымдастырылуда, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы қала әкімінің төрағалығымен өткен аппараттық жиында дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Б.Тұманбаев мәлімдеді.
Сала жетекшісі аталған спорттық іс-шара «Балалар жылы» аясында мектеп оқушыларының бос уақытын тиімді пайдалану және салауатты өмір салтын қалыптастыру мақсатында аудан әкімдіктерімен бірлесе жыл соңына дейін өткізілетінін атап өтті.
Бұл жарысқа 5-17 жас аралығындағы балалар спорттың 6 түрінен (асық ату, ләңгі тебу, баскетбол, футбол, қыздар арасында скакалкамен секіру, гимнастикалық шеңбер айналдыру) сынға түсуде. «Аула чемпионатында» жеңімпаз болған балаларға диплом, медаль және кубоктар табысталып, қатысқан барлық балаларға арнайы сыйлықтар берілуде.
Бүгінгі күнге дейін Абай, Әл-Фараби, Еңбекші, Қаратау аудандарында орналасқан 44 спорт алаңшада «Аула чемпионаттары» өткізілді. Осы өткізілген спорттық іс-шараларға 3 мыңға жуық балалар қатысып, 200-ге жуық спорт саласының мамандары жұмылдырылды. «Аула чемпионатын» жыл соңына дейін 104 спорт алаңшада (әр ауданда орналасқан 26 алаңшада) өткізу жоспарлануда. Аталған іс-шараға 6 мыңннан астам балалар қатысады деп күтілуде.

Айта кетейік, Шымкент қаласында маусым-желтоқсан айларында 50 спорттық іс-шара өтеді.

Оған 10 мыңнан астам шымкенттік спортшы қатысады деп жоспарлануда. Бұл туралы қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы мәлімдеді.

Атап айтқанда оның 11-і «Шымкент қаласының чемпионаттары». Спорттың жеті түрінен (садақ ату, гимнастика, жеңіл атлетика, баскетбол, волейбол, дзюдо, қазақ күресі) өтетін жарысқа 2 мыңнан аса бала қатысады деп жоспарлануда.
16-ы «Қазақстан Республикасының чемпионаттары». Ол спорттың 11 түрінен (футбол, волейбол, көркем гимнастика, баскетбол, садақ ату, жүзу, қол добы, қазақ күресі, конькимен мәнерлеп сырғанау, каратэ, шорт-трек) өтеді. Аталған іс-шараға 3 600 бала қатысады деп күтілуде.

23-і «Халықаралық, республикалық деңгейдегі жарыстар». Бұл спорттың 15 түрі бойынша (футбол, көркем гимнастика, баскетбол, садақ ату, жүзу, қазақ күресі, еркін күрес, грек-рим күресі, бокс, таэквондо, жеңіл атлетика, үстел теннисі, стенд ату, оқ ату, шорт-трек) ұйымдастырылады. Жарысқа 5 мыңға жуық бала қатыспақ.