Шымкентте бес жылда жеті жүзден аса азамат тұрғын үй сертификатын алды

0
515

Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылдануда.


Шымкентте бес жылда жеті жүзден аса азамат тұрғын үй сертификатын алды

Шымкентте бес жылдың ішінде жеті жүзден аса азамат тұрғын үй сертификатын алды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы бойынша тұрғын үй сертификаттары 2019 жылдан бастап беріле бастады. 2019 жылы 21 азаматқа, 2020 жылы 101 азаматқа, 2021 жылы 416 отбасыға қайтарымсыз негізде бастапқы жарнаның бір бөлігін жабу үшін әлеуметтік көмек ретінде тұрғын үй сертификаттары табысталған болатын. 2022 жылы 58 азаматқа тұрғын үй сертификаттары берілген.

Атап айтсақ, Шымкентте мемлекеттік жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар арқылы баспаналы болған тұрғын үй кезегіндегі 153 отбасыға тұрғын үй сертификаты берілді. Қайтарымсыз негіздегі әлеуметтік көмекті алушылар қатарында 67 көпбалалы отбасы, 13 толық емес отбасы, 69 ерекше бала асыраушы отбасы және 4 бюджеттік ұйым қызметкерлері бар.
Тұрғын үй сертификатына өтінімдер www.kezekte.kz интернет ресурсы арқылы қабылдануда.
Бұл жеңілдікке азаматтар «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы аясында несие негізінде «2-10-20 Бақытты отбасы», «5-10-20 Шаңырақ» бағыттары шеңберінде тұрғын үй сатып алу барысында банк мақұлдауын алғаннан кейін ипотекалық тұрғын үй қарыздарының бастапқы жарнасының бір бөлігін жабу үшін өтінім жолдай алады.
Айта кету керек, соңғы жылдары тұрғын үй құрылысы саласында мегаполисте ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2020 жылы тұрғын үй құрылысын жүргізу бұдан екі есеге дейін төмен болатын. Биылғы жылы 1 млн 73 мың шаршы метр үйді тапсыру жоспарлануда.
Тұрғын үй-коммуналдық инфрақұрылымды дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасы аясында мемлекеттік бюджеттен 312,4 мың шаршы метрді құрайтын 4 090 пәтерлі 98 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысын жүргізу жоспарланған. Осы ретте биыл 67 тұрғын үйдің құрылысын аяқтап жыл соңына дейін ел игілігіне тапсыру көзделуде. Тұран шағынауданында 18 үйдің, Бозарық шағынауданында 54 үйдің, Ақжайық шағынауданында 26 үйдің құрылысы жүргізілуде.

Сондай-ақ жыл соңына дейін жұмыс істейтін жастарға 900 пәтер және халықтың әлеумкеттік осал топтарына 505 пәтер нарықтан сатып алынатын болады.