Шымкентте бұрынғы бөбекжайлар жаңа келбетке енеді

0
309

55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.


Шымкентте бұрынғы бөбекжайлар жаңа келбетке енеді

Шымкент қаласындағы ескі балабақшалар қайта жөндеуден өтіп, жаңа келбетке ие болады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметінің таратқан ақпаратына сәйкес, қала бойынша жаңадан ашылған мемлекеттік және жекеменшік балабақшалар жаңа ғимараттарға орналасқан. Дегенмен, қаладағы ескі балабақшалар бұл күнде күрделі жөндеуді қажет етеді, Соның бірі құрылғанына 55 жыл болған №3 бөбекжай-бақшасы қазір күрделі жөндеуден өтіп жатыр.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов бөбекжай нысандарына арнайы барып, ғимарат құрылыстарын аралады. Мұрат Дүйсенбекұлы нысан басында құрылыс жұмыстарын балалар қауіпсіздігі үшін ережеге сай етіп жүргізуді ескертті.
2023 жылдың наурыз айында басталған жөндеу жұмыстары бұл күнде қарқын алған. Қос қабатты ғимараттың бала саны бойынша сыйымдылығы 163 орынды қамтиды. Мұнда бүгінде 130 бала тәрбиеленуде. Бөбекжай жұмыстарын қыркүйек айының соңына дейін бітіру межеленген.
Сонымен қатар қаладағы №99 «Гүлдер» бөбекжай ғимараты да күрделі жөндеуден өтіп жатқанын айта кетейік. 280 орындық бөбекжайдың жөндеу жұмыстары қараша айында аяқталады деп жоспарланған.
Шымкент қаласында бүгінде 588 мектепке дейінгі мекеме бар. Оның ішінде 517-і жекеменшік болса, 71-і мемлекеттік балабақшалар.

Еске сала кетсек, Шымкент қаласында мектепке дейінгі және оқушыларға арналған ғимараттар көбеюде. Қалада 2025 жылға дейін 3 оқушылар сарайы мен 8 өнер мектебі салынады. Бұл орталықтар өскелең ұрпақтың бос уақытын тиімді ұйымдастыруда, жан-жақты дамытуда маңызы зор.

Бұған дейін Шымкенттің Нұрсәт шағынауданында мегаполистің кескін-келбетін айшықтайтын 500 орындық сәулетті ғимарат - балалар шығармашылығын дамытуға жол ашатын оқушылар сарайы ашылған болатын.

4 ауысымда жұмыс істейтін ғимаратта бассейн, күрес, жекпе-жек, үстел теннисі ойындарының залдары орналасқан. Сондай-ақ, көркем-эстетикалық блокта бейнелеу өнері, драма, сәндік-қолданбалы өнер, қыш жасау үйірмелері жұмыс істейді. Ал ғылыми-техникалық секторда 3D модельдеу, Lego кабинеті, интерактивті кітапхана, биотехнология, гуманитарлық блокта фото және бейне студия, журналистика, моториканы дамыту үйірмелері ашылады. Музыкалық білім бөлімінде дыбыс жазу студиясы, музыкалық аспаптар, вокал студиясы бар. Сондай-ақ балалар мұнда футболға баскетбол мен волейболға қатысып, воркаут алаңында дене шынықтыра алады.

Сән-салтанаты келіскен әсем ғимаратта оқушылардың мектептен тыс уақытын тиімді үйлестіре отырып, қарым-қабылетін дамытуға барлық жағдай жасалған.