Шымкентте күзетшіні боқтаған «прокурордың әйелі» әкімшілік жауапкершілікке тартылды

0
558

Құқық бұзушы өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұраған.


Шымкентте күзетшіні боқтаған «прокурордың әйелі» әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Кеше әлеуметтік желіде өзін "прокурордың әйелімін" деп күзетшіге дөрекі сөздер айтып балағаттаған келіншектің кім екені анықталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.

Ведомство мәліметінше, аталған оқиға 15 шілде күні сағат 14:00 шамасында ЖШС ғимаратында болған. Қалалық полиция басқармасына күзет қызметкерінен ЖШС ғимаратында жас әйел күзетшілерге қатысты дөрекі сөздер айтып балағаттағаны үшін жауапкершілікке тарту туралы өтініш жазған.

"Әл-Фараби АПБ-ның қызметкерлері әйелдің жеке басын анықтады. Ол 1984 жылы туылған жергілікті тұрғын, бұрын азамат Д-мен тұрмыста болған (прокуратура қызметкері емес)", - делінген баспасөз хабарламасында.

Тәртіп сақшылары аталған жайтқа қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы бойынша әкімшілік хаттама толтырып, материалдарды сотқа жолдады.

"Бүгін сот өз шешімін шығарды. Құқық бұзушы өзінің кінәсін мойындап, кешірім сұраған. Үш баласы бар әйелге 5 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды", - деді басқарма өкілдері.