Шымкентте магистральді көшелер күнделікті тазаланады

0
690

Қаладағы 443 магистральды көшенің тазалығына 5 мердігер мекеме бекітілген.


Шымкентте магистральді көшелер күнделікті тазаланады

Шымкент қаласында магистральді көшелерде санитарлық, механикалық және қолмен тазалау жұмыстары күнделікті жүргізіледі, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазіргі таңда арнайы бригадалар газондарды орып, ағаштар мен жасыл желектерді зиянкестерден, күннен қорғау үшін әктеуге кірісті. Сондай-ақ, ауын- шашын салдарынан су алу қауіпі бар аумақтар да қатаң бақылауға алынды.

Қаладағы 443 магистральды көшенің тазалығына 5 мердігер мекеме бекітілген. Орталық көшелерді тазалау жұмыстарына күн сайын 1500-ге жуық жұмысшы, 100-ден аса техника жұмылдырылуда.
Сонымен қатар, ішкі орам көшелер мен қоғамдық орындарда, көпқабатты тұрғын үйлер мен жеке секторларда тазалық жұмыстары кестеге сай жүргізілуде.

Еске сала кетейік, қала әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен өткен мәжілісте аудандардағы ретсіз сауда мен санитарлық тазалық бойынша атқарылған жұмыстар талқыланды. Қазіргі таңда қала аумағындағы тазалық шараларына 300-ден астам адам, 50-ден аса техника жұмылдырылған. Арнайы бригадалар 40-қа жуық секторда жұмыс жүргізуде. Тұрмыстық қалдықтар көпқабатты тұрғын үйлерден күн сайын, жеке секторлардан аптасына 1-2 реттен жиналуда.

«Туындаған мәселелерді дер кезінде шешу үшін халықпен тұрақты кездесулер ұйымдастырып, қандай да бір шешім қабылдауда тұрғындардың пікірін ескеріңіздер. Әр ауданда өзекті мәселелер бойынша арнайы мониторинг жүргізіліп отыруы тиіс», - деді қала әкімі.

Сондай-ақ, Мұрат Дүйсенбекұлы қала тазалығын сақтауда қоғамдық мәдениетті қалыптастыру қажеттігін жеткізді. Сонымен қатар жауаптыларға аудандарда ретсіз саудамен күресті жою үшін рейдтік шараларды жүйелі түрде ұйымдастыруды тапсырды. Одан бөлек, қала әкімі жайлы ортаны дамыту басқармасының қала аумағындағы көшелер тазалығын жақсартудағы жоспарларымен танысты. Аталған жұмыстар 5 бағытта жүргізіліп жатыр.