Шымкентте мектеп бітіруші түлектердің кортежі жол ережесін бұзған

0
545

132 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған.


Шымкентте мектеп бітіруші түлектердің кортежі жол ережесін бұзған

фото: әлеуметтік желіде тараған видеодан алынды
Шымкенттік полицейлер жол ережесін бұзғандарды жауапқа тартты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Бұл туралы Шымкент қаласы полиция департаментінің баспасөз қызметі мәлімдеді.
Ведомство мәліметінше, әлеуметтік желілерді бақылау барысында бірнеше видео анықталған. Онда түлектер мінген кортеждер жол қозғалысы ережелерін бұзған.

“Шымкент қаласы полиция департаментінің жергілікті полиция қызметінің қызметкерлері Hundai Accent, Toyota Land Cruiser және Toyota Camrу автокөліктерінің жүргізушілерін ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы «Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу», 593-бабы «Жол жүрiсi қағидаларында көзделген жолаушыларды және жүктердi тасымалдау, қауiпсiздiк белдіктерiн немесе мотошлемдердi пайдалану жөніндегі талаптарды сақтамау» және 606-бабы «Жол жүрiсiне қатысушының жол жүрiсi қағидаларын авариялық жағдай туғызуға әкеп соққан бұзушылығы» бойынша жауапкершілікке тартты”, - делінген баспасөз хабарламасында.

Жалпы, 25 мамырда жол қозғалысы ережелерін бұзғаны үшін 132 жүргізуші әкімшілік жауапқа тартылған, оның ішінде 10 автокөлік айыптұрағына орналастырылды.