Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша онлайн жиын өтті

0
2 560

«Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашуды ұсынды.


Шымкентте сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша онлайн жиын өтті

Шымкент қаласында табиғи монополияларды реттеу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында онлайн жиын өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің бастамасымен Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің қалалық департаментінің ұжымымен кездесу өтті.

Табиғи монополияларды реттеу саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заңнамаға енгізілген өзгерістерді талқылау, ұжымда парасаттылық құндылықтарын дәріптеу мақсатында өткен шараға Департамент басшысы А.Жұмағали, оның бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің қалалық департаментінің басшысы Д.Каинбердиев, ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі С.Мәжінбеков қатысты.

Онлайн жиында Департамент басшысы Асхат Жұмағали мемлекеттік органдардың ашықтығы бойынша жүргізіліп жатқан жұмыстардан хабардар етіп, аталған Департамент қызметінде «Адалдық алаңы» жобалық кеңсесін ашуды ұсынды.

А.Жұмағали сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек Агенттіктің ғана емес, әрбір мемлекеттік мекеменің, әр басшының міндеті екендігіне тоқталды. Тек бірлескен жұмыстар арқылы жемқорлықтың алдын алуға болатындығын, бүгінгі шараның мақсаты да соны көздейтінін жеткізді.

Сонымен қатар, кездесуде мемлекеттік органдарда ISO 37001 сыбайлас жемқорлыққа қарсы халықаралық стандартын енгізу, квазимемлекеттік секторларда комплаенс қызметін енгізу жайы талқыланды.

Департамент басшысының бірінші орынбасары Талғар Серікбаев сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды күшейту жөніндегі заңнамалық шаралар бойынша ақпарат беріп, пара бергені, алғаны, делдалдығы, көмектескені және пара беруге итермелегені үшін қылмыстық жауапкершілік көзделгенінен хабардар етті.

Жиында Табиғи монополияларды реттеу Комитетінің қалалық департаментінің басшысы Дархан Каинбердиев жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстардан хабардар етіп, бұл бағытта бірлесе жұмыс жасауға дайын екендіктерін жеткізді.

Шара соңында қатысушыларға жемқорлықтың алдын алу мақсатында арнайы әзірленген бейнеролик көрсетілді.