Шымкентте «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!» атты шара өтті

0
2 486

Шараны белгілі айтыскер ақын Нұрлан Есенқұлов жүргізді.


Шымкентте «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!» атты шара өтті

Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!» атты шара өтті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қазақ халқының қадым замандардан бергі қаймағы бұзылмай келе жатқан дәстүрлерін бүгінгі жастарға ұлықтау мақсатында және Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесі қарсаңында Шымкенттегі Әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығының ұйымдастыруымен «Тұсауыңды кесейін, күрмеуіңді шешейін!» атты шара өтті.
Тұсаукесер – сәби қаз тұрғаннан кейін, өмірге алғаш қадамы сәтті болсын деген тілектен туған дәстүр. Тұсау кесу сәбидің өмір сапарының сәтті болуы үшін ақ ниетпен жасалатын ырымы.
Бүгінгі рәсім Тәуелсіздіктің 30 жылдығы және Шымкент қаласының 2200 жылдық мерекесіне орай, ұлттық құндылықтарымызды жаңғырту мақсатында ұйымдастырылды. Онда шымкенттік 1-3 жас аралығындағы ұл балалардың тұсауы кесіліп, салт-дәстүрге сай, жөн-жоралғы жасалды.
Тұсаукесер рәсімде елімізге танымал зиялы қауым өкілдері Нұрбол Сүлейменов, Сәбит Әбдірайымов, Мұхан Байбосын, Мырзабай Омар және Бекайдар имам, Қаратау ауданының бас имамы, "Жігіттер" квартетінің әншілері тұсауды кесіп, ақ батасын берді.
Баланың қаз-қаз басқан қадамына шашу шашылып, дастарханда бауырсақ, тандыр нан, сары май, қымыз, қымыран, құрт, қызыл ірімшік, қаттама, жент (талқан), сөк (тары) ұлттық тағамдармен толықты.
Айта кетейік, тұсаукесер рәсім қайырымдылық бағытта өтті. Кеш соңында «Көркем әжелер» ансанбілі ән шашуын арнап, ақ бата тілектермен аяқталды.