Шымкентте жүзуден республикалық турнир басталды

0
538

Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 400-ге жуық спортшыдан құралған 23 команда қатысуда.


Шымкентте жүзуден республикалық турнир басталды

Шымкент қаласында халықаралық балаларды қорғау күніне орай, “Денсаулық” спорт кешенінде жүзу маусымы мен жүзуден жасөспірімдер арасындағы республикалық турнир басталды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қала әкімі Мұрат Әйтенов балғындардың қуанышына ортақтасып, салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында ұйымдастырылған шараның ашылу салтанатына қатысып, спортшыларға сәттілік тіледі.

Екі күнге жалғасатын жарысқа еліміздің әр өңірінен келген 400-ге жуық спортшыдан құралған 23 команда қатысуда. Республикалық дода жас спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін арттырады.

Бүгінде қалада 1000-нан аса спортшы кәсіби түрде жүзу спортымен шұғылданады. Күрделі жөндеуден өтіп, заманауи талапқа сай жабдықталған жүзу бассейні мегаполисте бұқаралық спорттың дамуына, сондай-ақ жүзуге қатысатын жас жеткіншектер қатарының артуына ықпал ететін болады.

Айта кетейік, Шымкентте жас өрендер мен балғындарға мерекелік көңіл күй сыйлау үшін бірқатар салтанатты шаралар шеруі өтуде.«1 маусым – Халықаралық балалар күні» мерекесі Достық үйінде қосымша білім беру ұйымдарындағы өнертапқыш оқушылардың көрмесімен басталды. Жиынға қала әкімі Мұрат Әйтенов қатысып, балаларды айтулы мерекемен құттықтап, талантты да дарынды шәкірттердің жетістіктері үшін алғыс білдірді.

«Биылғы оқу жылы жақсы жетістіктермен, жағымды жаңалықтармен аяқталды. Каникул кезінде оқушылардың бос уақытын тиімді пайдалану үшін қаламызда 237 жазғы сауықтыру лагері жұмысын бастауда. Елімізде атқарылып жатқан, жоспарланған барлық жұмыстар балаларымыздың бақытты да, жарқын болашағына арналады», - деді М.Дүйсенбекұлы.
Бүгін қалада 12 мыңға жуық шәкірт мектеп бітіріп, олардың 90%-дан астамы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысуға өтініш білдіруде. Биылғы жылы 2 618 түлек “Алтын белгі” мен “Үздік аттестатқа” үміткер болса, 600-ден астам оқушы халықаралық және республикалық білім, өнер, спорт сайыстарында топ жарды.

Көрмеге қала аумағындағы 19 қосымша білім беру мекемесі қатысып, өз жетістіктерін көрсетті. Мемлекеттің қолдауымен балаларға тегін қосымша білім беріп отырған ұйымдар жас буынның әсіресе, робототехникаға деген қызығушылығын арттырып отырғаны байқалды. Шымкент шәкірттерінің жетістіктерін паш еткен көрме үздіктер мен белсенді оқушылардың концерттік бағдарламасына ұласты.