Шымкенттегі "Фосфоршылар" сарайын қайта құру жұмыстары 2024 жылдың күзінде басталады

0
192

Saby Charitable Foundation» қоры бұрынғы «Фосфоршылар» мәдениет сарайының ғимаратын қалпына келтіру туралы меморандумға қол қойды.


Шымкенттегі

сурет: time.kz

Шымкенттегі "Фосфоршылар" сарайын қайта құру жұмыстары 2024 жылдың күзінде басталады. Бұл туралы Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков өзінің инстраграм желісіндегі парақшасында жазды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.



"Бүгін әкімдік пен «Saby Charitable Foundation» қоры бұрынғы «Фосфоршылар» мәдениет сарайының ғимаратын қалпына келтіру туралы меморандумға қол қойды.

Ең алдымен, қоры жұмысының негізгі бағыты – балалардың денсаулығын қорғау, олардың физикалық дамуына қолайлы жағдай жасау, сондай -ақ, білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін атап өткім келеді. Қор бағдарламалары экология мен білім беруден бастап, медицина, спорт және дарынды балаларды қолдауға дейінгі әртүрлі салаларды қамтиды.

Бұрынғы «Фосфоршылар» мәдениет сарайын қайта құру ұзақ жылдар бойы өзекті мәселелердің бірі болғаны жасырын емес.

Қор басшылығымен барлық аспектілерді талқылай отырып, бір келісімге келгенімізді қуанышпен хабарлаймын.

Алдын ала есептеулер бойынша, біз қайта құру жұмыстарын 2024 жылдың күзіне қарай бастай аламыз.

Халық үшін тарихи маңызы бар объектінің нысаналы мақсатын анықтауға қатысты мәселе тұрғындардың пікірін ескере отырып шешілуі тиіс деп санаймын.

Осыған байланысты жақын арада жүргізілетін онлайн сауалнамада әркім өз пікірін айта алады. Сіз де бұл сауалнамаға белсенді түрде қатысасыз деп үміттенемін және біз ақылдаса отырып, бір шешімге келеміз.

Содан кейін көпшіліктің пікірін ескере отырып, жобалау бойынша барлық қажетті құжаттарды дайындауға кірісеміз.
Бұл ғимараттың тағдыры барлығымыз үшін маңызды екені сөзсіз.

Бұл ғимараттың әлі талай ұрпаққа қызмет етеріне сенеміз. Сол кезде Сіз өз немерелеріңізге «Мен бір кездері осындай тарихи шешім қабылдауға атсалысқан едім» деп мақтанышпен айта аласыз", - делінген қала әкімінің жеке парақшасында.