Шымкенттегі ОҚМПУ Сиань қаласының университетімен ынтымақтастық орнатты

0
748

Қытай Халық Республикасының Білім министрлігіне қарасты бұл жоғары оқу орны осы елдегі ең алғаш құрылған университеттердің қатарында.


Шымкенттегі ОҚМПУ Сиань қаласының университетімен ынтымақтастық орнатты

Шымкенттік делегация құрамының Қытайдың Сиань қаласындағы жұмыс сапарында Сиань Цзяо Тун (XJTU) университетінде жалғасын тапты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қытай Халық Республикасының Білім министрлігіне қарасты бұл жоғары оқу орны осы елдегі ең алғаш құрылған университеттердің қатарында.
Шанхайдағы әйгілі Нань Ян колледжінің негізінде 1896 жылы ашылған университет қазіргі күнде ғылым мен озық технологияларға негізделген кешенді зерттеу университеті ретінде кеңінен танымал. Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университеті Қытайдың осы іргелі жоғары оқу орнымен серіктес байланысын жолға қойып, бүгін ынтымақтастық меморандумын қабылдады.
Жасалған келісімдер аясында қос университет студенттер мен ғылыми-педагогикалық персоналдың өзара алмасуын, жоғары оқу орындары арасындағы ғылыми ынтымақтастықты, бірлескен академиялық және ғылыми-өзденістік іс-шараларын ұйымдастырып, іске асыруды, оқу материалдары мен ғылыми жарияланымдар санаты бойынша ықпалдастықты арттыру міндеттерін жүзеге асыратын болады.
Қол жеткізген келісімдер білімде шекара болмайтынын тағы бір дәлелдеп, ғылым мен білімге жасалған қадам өркениетке бастайтынын аңғартады.

Еске сала кетсек, бұған дейін шымкенттік делегация құрамының осы сапарында М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан университеті басшылығы да халықаралық байланыстырды нығайту мақсатында Сиань халықаралық зерттеулер университінің өкілдерімен кездесіп, өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойған болатын. Бұл ынтымақтастық студенттердің, магистранттардың, докторанттардың, профессор оқытушы құрамының және ғылыми қызметкерлерінің үлкен мүмкіндіктеріне жол ашады.

Сонымен қатар, Әуезов университеті Қытай сапарының аясында Сиань медицина университетінің жұмысымен танысқан еді.

Айта кетейік, 2023 жылғы 4-7 шілде күндері Шымкент қаласының өкілдері Қытай Халық Республикасының Сиань қаласында іскерлік кездесулер өткізді. Шымкент қаласы әкімінің орынбасары М.Исахов бастаған делегация құрамында баақарма басшылары, аудан әкімдері және қалалық маслихат депутаттары мен білім беру және бизнес өкілдері бар.

Іс-сапардың негізгі мақсаты - Қазақстан Республикасы Президенті Қ.К.Тоқаевтың Қытай Халық Республикасына жасаған сапары аясында Шымкент пен Сиань қалалары арасында қол қойылған өзара серіктестік орнату туралы меморандумға сәйкес тараптар арасында жан-жақты байланыс орнатып, өзара тәжірбие алмасу.