Шымкенттік ақ халаттылар ауыр халдегі науқасты аман алып қалды

0
698

Ауыр халге түскен пациент тіпті шет елдердегі дәрігерлердің тексеруінен өтіп, диагнозын ешкім анықтай алмаған.


Шымкенттік ақ халаттылар ауыр халдегі науқасты аман алып қалды

ERNUR.KZ. Шымкент қалалық № 1 клиникалық ауруханасының дәрігерлері сирек кездесетін дертке шалдыққан науқасқа бірегей ота жасады.

Ауыр халге түскен пациент тіпті шет елдердегі дәрігерлердің тексеруінен өтіп, диагнозын ешкім анықтай алмаған.


Ауыр жағдайда 1961 жылғы науқас 5 қаңтар күні № 1 ауруханасына түскен. Дәрігерлер пациентті медициналық тексеруден өткізіп, ұйқы безі түтікшесіндегі бездің ұшында және денесінің бірнеше бөлігінде тасы барын анықтайды.

Күрделі әрі бірегей ота хируругия бөлімшесінің меңгерушісі Дәурен Қабыловтың жетекшілігімен жасалды. Ұйқы безіндегі тастардың көлемі үлкен болғандықтан, хирургтар операцияны ашық әдіспен істеді.

– Науқасқа ота лапаротомия трансдуоденальды папиллосфинктеротомия және вирсунговтомия пластика әдісімен жасалды. Операция кезінде қауіп басым болғанын жасырмаймыз. Отадан кейін науқас үш күн жансақтау бөлімінде бақылауда болып, палатаға ауыстырылды. Қазір жағдайы жақсы. Бұл отаның ерекшелігі – науқасқа қойылған диагноздың сирек кездесуінде. Бастысы дертті анықтап, қауіптің алдын ала білдік, – дейді ота жасаған хирург Дәурен Қабылов.
Айта кетейік, қалалық № 1 клиникалық ауруханасында трансплантациялық отадан бөлек, бауыр, ұйқы безі, өт жолдары, асқазан ісігіне және т.б. күрделі бірегей оталар жасалады.