Шымкенттік ауданда санитарлық жұмыстар жүргізіліп жатыр

0
1 578

Аталған ауданда бүгінге дейін 15 рет сенбілік ұйымдастырылған.


Шымкенттік ауданда санитарлық жұмыстар жүргізіліп жатыр

ERNUR.KZ. Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты ішкі орамдық жолдар мен аулаларда санитарлық жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ shymkala.kz порталына сілтеме жасап.

Шымкент қаласы Қаратау ауданына қарасты ішкі орамдық жолдар мен аулалар 10 аумаққа бөлініп, жауапты мамандар санитарлық тазалау жұмыстарын тұрақты түрде қадағалауда. Аталған ауданда бүгінге дейін 15 рет сенбілік ұйымдастырылған. Қала аумағына қосылған елдімекендер бойынша да күл-қоқыс шығару, ирригациялық жүйелерді тазалау, көше бойындағы ағаштарға санитарлық қырқу жұмыстары жүргізіліп, әктеу және жаңа көшеттер егу, қураған шөптерді ору жұмыстары тұрақты түрде атқарылып жатыр. Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев 2017 жылы тұрғындардың 97%-ы қатты тұрмыстық қалдықты шығару үшін тиісті мекемелермен келісім-шарт жасағанын айтты.

«2018 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізуді межелеп отырмыз. Дегенмен, ауданда жаңа құрылыс аумағы көп. Жаңадан қосылған аудан тұрғындарын да дер кезінде қала көркін еселеуге шақыратын боламыз. Бір қуантарлығы, 2017 жылы Қаратау ауданынан «Таза қала» байқауына «Үздік аула» номинациясы бойынша – 40, «Үздік көше» бойынша 45 көше қатысса, биылғы байқауға қатысу үшін 45 аула мен 48 көше өтініш білдірді. Бұл қаланың тазалығы мен көріктендіру жұмыстарына шаһар тұрғындарының да ықыласы зор екенін білдіреді», - дейді аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев.

Сондай-ақ, қала әкімдігінің тапсырмасына сәйкес, Қаратау ауданында 2018 жылдың алғашқы 6 айында 628 нысанның қасбеті ретке келтірілген. Ал 12 көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісі тұрғындардың өз есебінен қайтарымды негізде (пайызсыз) жөнделді. Бұл жұмыстар жыл соңына дейін жалғаса бермек.

Бұған қоса Қаратау ауданы әкімдігінің қызметкерлері жыл басынан бері 33 ауланы толық абаттандыру және балалар ойын алаңшаларын орнату үшін, сонымен қатар, қоқыс жинауға арналған 22 заманауи павильон дайындап, орналастыру жұмыстарына жобалық-сметалық құжаттарды әзірлеп, бюджетке ұсыныпты. Жыл басынан бері аудан тұрғындарының игілігіне әкімшілік-іскерлік орталығындағы Астана аллеясы мен Сайрам тұрғын алабындағы Наурыз саябағы пайдалануға берілген.

Аудан әкімінің орынбасары Марат Тәжібаев: «Қаратау ауданында көрікті әрі тұрғындарға тиімді нысандардың санын көбейту өте маңызды. Жастарды спортқа баулу, бұқаралық спортты дамыту мақсатында тағы 9 жер теліміне Шымкент қаласы әкімінің қаулысы қабылданып, оның төртеуіне мемлекеттік акт алынды», – дейді.

Сондай-ақ, Сайрам тұрғын алабындағы Наурыз саябағына балалар әткеншегін, ойын-сауық және басқа да элементтерді қоюға «Аширбаев О.Т.» жеке кәсіпкерлігі қолдау көрсетті. Кәсіпкер алдағы уақытта тағы 20-30 адамды жұмыспен қамтып, айналаны шолу аттракционын орнатуды жоспарлап отыр.