Шымкенттік банктер алдында адамдар көптеп жиналды

0
1 107

55 жастан асқан тұрғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпауға да ұсыныс жасалынған.


Шымкенттік банктер алдында адамдар көптеп жиналды

Өздеріңізге мәлім, Шымкент қаласында 4 сәуір сағат 21:00-ден бастап карантин енгізілген болатын. Төтенше жағдай режиміне сәйкес, карантиннің өзіндік тәртібі мен талаптары бар.

Мәселен, қала тұрғындарының негізсіз жүріп-тұруына шектеу қойылды. Мұндай шектеулер медицина қызметкерлеріне, құқық қорғау органдарының өкілдеріне, қала тыныс-тіршілігін қамтамасыз етуші коммуналдық мекеме қызметкерлеріне қолданылмайды. Ал, тұрғындар үйлерінен азық-түлік, дәрі-дәрмек, медициналық көмек, банк және пошта қызметтерін алу үшін ғана шыға алатындығы айтылған болатын.

Сондай-ақ 55 жастан асқан тұрғындарға аса бір қажеттіліксіз көшеге шықпауға да ұсыныс жасалынды.

Бүгін Шымкент қаласында карантиннің екінші күні. Алайда, банк ғимараттарының алдында кезек күтіп, арақашықтық сақталмай, топ болып жиылып тұрған тұрғындар желі қолданушыларының назарына ілігіпті.

Бұл фотоны қала тұрғындарының бірі түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Алайда, бұл соңғы дәлел емес.

Олардың айтуынша, бұл азаматтар банктен арнайы шот аштыру мақсатында жиналған. Әрине бұл - төтенше жағдай кезінде көрсетілетін әлеуметтік көмекке ие болудың шарасы болуы да мүмкін.

Алайда, коронавирус індеті еліміздің әр өңірін шарлап жүр. Шымкент қаласында бүгінге дейін корнавирус инфекциясын жұқтырған 14 адам тіркелді. Бұл статистика немқұрайдылық танытуға жол бермеуі қажет. Сондықтан да адамдардың бір жерге жиналуы және арақашықтық сақтамауы бұл індеттің тез таралауына алып келетіндігін жиі ескертіп, құзіретті органдар дабыл қағып жатыр. Тіпті, қолмақол ақша төлеуге де шектеу қойылып, сауда орындарына арнайы төлем жасайтын құрылғылар орнату да тапсырылды.
Алайда, бұл суреттер тұрғындардың да қауіпсіздік ережелерін сақтамай жатқанының бір көрінісі секілді

Әлеуметтік желіде бүгін жоғарыда көрсетілген жағдайлар көптеп таралуда.


Айта кетерлігі, суретте байқалғандай, бұл оқиғалардың барлығы қаладағы "Kaspi Bank" бөлімшелерінде орын алған.

Ал, Halyk Bank қалалық бөлімшелері банкоматтардың жанында арақашықтық белгілерiн салған болатын. Бұл клиенттер арасындағы қауіпсіз арақашықтықты сақтау үшін жасалынып, ол кемінде бір метр болуы тиіс деген шарттың негізінде іске асқан еді.