Шымкенттік имамдар жамағатқа медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіріп жатыр

0
775

Дін өкілдері келер жылдан бастап іске асатын денсаулық сақтау саласындағы жаңа жүйенің дамуына өз үлестерін қоспақ.


Шымкенттік имамдар жамағатқа медициналық сақтандыру жүйесін түсіндіріп жатыр

Шымкент қаласының денсаулық сақтау басқармасының бастауымен барлық мешіттегі имамдар жамағатқа медициналық сақтандыру туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Атап айтсақ, Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы мамандары мен «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» коммерциялық емес акционерлік қоғамының Шымкент қаласы бойынша филиалының қызметкерлері 200-ден астам мешіт имамдарына аталған мәселе бойынша семинар дәрісін өткізген.Осындай түсіндіру жұмыстарынан кейін имамдардың өзі жергілікті емханаларына барып, мәртебелерін анықтаған.

«Бізде Шымкент қаласы бойынша 280-ге тарта имам болса, оның 220-сы емханаға барып мәртебелерін анықтаған. Имамдар медициналық сақтандыруды жәй ғана біліп қоймай,мешітке келуші жамағаттарға бұл тақырып туралы кеңінен түсіндіруді қолға алдық. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар әдетте мешітке көп көмек сұрап келеді. Міне осы азаматтарға да мемлекеттен көрсетілуі тиіс медициналық көмектер туралы да айтып береміз», - дейді Шымкент қаласы бойынша өкіл имамының орынбасары Мұхаммед Естеміров.

Айта кетейік, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың басты бағыты мемлекеттің, жұмыс берушінің және әрбір адамның ортақ жауапкершілігіне негізделген. Аталған жүйе аясында мемлекет халықтың экономикалық белсенді емес азаматтарына жарна төлейді. Ал, жұмыс берушілер – жалдамалы жұмыскерлерге, жұмыскерлер мен салық органдарында тіркелген дербес төлеушілер – өздері үшін жарна төлейді.