Шымкенттік математик ғалым мектеп бағдарламасын жеңілдетудің ғылыми әдістерін әзірледі

0
704

Қазір мектеп бағдарламасындағы жүктеменің оқушыларға ауырлығы күрделі проблемаға айналып отыр.


Шымкенттік математик ғалым мектеп бағдарламасын жеңілдетудің ғылыми әдістерін әзірледі

ERNUR.KZ. Өзбекәлі Жәнібеков атындағы ОҚПУ-дің педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Алданазар Әмірбекұлы "2023-2025 жылдарға арналған гранттық жоба" жеңімпазы атанды.


Математик ғалым бүгінде ұжымдық конструктивті оқытудың міндетті нәтижелері негізінде педагог-математиктер даярлау сапасын арттыру тақырыбында ғылыми ізденіс үстінде.


Қазір мектеп бағдарламасындағы жүктеменің оқушыларға ауырлығы күрделі проблемаға айналып отыр. Алданазар Әмірбекұлы осы мәселеде болашақ педагогтар сүйенетін оқыту әдістерін даярлауда. Ғалымның пікірінше, алдағы уақытта мұғалім оқушының өз бетінше оқуына қолайлылық тудыруы керек.

– Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынов «Баулу мектебі» еңбегінде «Өлі оқу», «төте оқу», «көрнекі оқу» – бәрінің асылы – оқу. Тірлік шарасына үйрететін білім тірі білім болу керек. Ондай білімді адам мәніс білімі мен әдіс білімін қатар үйренгенде білмек» деп ғасыр бұрын жазып кеткен. Өкінішке қарай, біз оқыту әдісінде баяғы ескі сарынмен келе жатырмыз. Ал Корея, Жапония, Филииппинде бұл әдіс оқыту бағдарламасында тәжірибеге еніп, оң нәтижесін беріп отырғаны мәлім. Біз зерттеп жатқан ғылыми тұжырымдама «Бес жасқа дейін балаңды хандай күт, он беске дейін құлыңдай жұмса, одан кейін досыңдай сырлас» деген қазақы тәмсілдің мағынасын ашып, нақтылайды. Осы тұрғыда зерттеу еңбектің ЖОО арналған нұсқасын дайындадық, енді мектепте оқытуға арналған нұсқасын зерттеудеміз, — дейді доцент.

Ғылыми жобаның жүзеге асырылар көптеген принциптері бар. Мәселен, экзистенциялық принцип бойынша баланың жан дүниесі, ішкі сезімдері бар екені ескеріліп, оған терең үңілуді көздейді. Ал, зерттеудің негізгі идеясы болып табылатын эпистеологиялық принцип бойынша оқушыға кез-келген нәрсені емес, ертеңгі өміріне нақты қажет нәрсе оқытылмақ.