Шымкенттік оқушы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың марапатына ие болды

0
1 096

Халықаралық олимпиада жүлдегері 1 590 000 теңге ақшалай сыйлық алды.


Шымкенттік оқушы ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың марапатына ие болды

Шымкенттік халықаралық олимпиада жүлдегері ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетовтың марапатына ие болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

ҚР Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов халықаралық олимпиадалардың жүлдегер оқушыларын салтанатты түрде марапаттады. Марапатталған дарынды жастар қатарында Шымкент қаласы химия-биология бағытындағы NIS мектебінің 11 сынып оқушысы Еркебұлан Тазабек бар. Еркебұлан бұл жылы өз жеке коллекциясын IGeO-2022 олимпиадасының қола медалімен толықтырған болатын. Жас географ Еркебұланның бұл Қазақстан құрамасы сапында екінші рет бақ сынауы.

Жалпы алғанда биыл Қазақстан құрамасы сапындағы оқушылар халықаралық пәндік олимпиадаларға қатысу тарихында рекордтық медаль жеңіп алды. Ұлттық құрама қоржынында 3 алтын, 15 күміс және 9 қола медаль бар.

Бүгін дарынды жастардың ерең еңбектері еленіп, "Алтын" алған оқушылар 1 500 АЕК (4 770 000 теңге), күміс медаль 1 000 АЕК (3 180 000 теңге), қола медаль 500 АЕК (1 590 000 теңге) ақшалай сыйлық алды.

- Алтын, күміс, қола медальдар саны мен жалпы ұпай бойынша сіздер жаңа рекорд орнаттыңыздар. Бұл – еліміз үшін өте маңызды жетістік. Сіздердің жауапкершілігіңіз, табандылығыңыз бен ұзақ жылғы қажырлы еңбектеріңіз марапатқа лайық, – деді Асхат Аймағамбетов.

Сондай-ақ ҚР Оқу-ағарту министрі дарынды балалардың ата-аналары мен оқушы жетекшілеріне де алғыс хат табыстап, оқушыларға Қазақстандық ЖОО-да оқуға грант жолдамасын берді.

- Ел президентінің және мемлекеттің тікелей қолдауы мен секілді басқа да жастардың олимпиадаға қызығушылығын арттыратынына сенімім мол. Мен өз кезегімде биік белестерді одан әрі бағындырып, Қазақстанды әлемдік аренада лайықты деңгейде танытуға үлкен мотивация алдым. Бүгінгі жеңісті күнімде ата-анама және жетекшім Ақбопе Жаманқұлқызына ерекше алғыс айтқым келеді, – дейді Шымкент қаласы химия-билогия бағытындағы NIS оқушысы Еркебұлан Тазабек.