​Шымкенттік тұрғын досының интимдік сипаттағы фото-видеосы үшін 100 мың доллар талап еткен

0
424

Күдіктіні бірнеше сағаттан кейін ақшаны алуға келген кезде полицейлер қылмыс үстінде ұстады.


​Шымкенттік тұрғын досының интимдік сипаттағы фото-видеосы үшін 100 мың доллар талап еткен

Шымкенттік тұрғын досының беделін түсіретін ақпаратты таратпау үшін 100 мың доллар талап еткен, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Қаратау ауданының тұрғыны полицияға бопсалау туралы арызбен жүгінген.
Жас жігіт өзін әлеуметтік желінің белгісіз қолданушысы қорқытып, одан 100 мың доллар талап еткенін көрсеткен. Олай етпеген жағдайда бопсалаушы оның интимдік сипаттағы жеке суреттері мен видеоларын интернетке жариялайтынын айтқан.
Өз беделіне алаңдаған қала тұрғыны шабуылдаушының шартымен келісіп, оның нұсқауын орындап, бопсалаған соманың 10 миллион теңгесі салынған сөмкені көшелердің біріндегі темір құбырдың астына қалдырған.
"Күдіктіні бірнеше сағаттан кейін ақшаны алуға келген кезде полицейлер қылмыс үстінде ұстады.
Аталған жайт ҚР ҚК-нің 194-бабы 4-бөлігі «аса ірі мөлшерде қорқытып алу» бойынша СДТБТ-не тіркелді.
Ұсталған адам өзінің досы болып шыққанын білген арызданушының таңданысы мен ренішінде шек болмады.
Белгілі болғандай, досының мас күйін пайдаланған жолдасы, оның смартфонындағы жеке суреттері мен бейнежазбаларын өзіне өткізіп алған.
Бопсалаушы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу амалдары жүргізілуде", делінген Шымкент қаласы ПД баспасөз қызметі таратқан ақпаратта.
Бүгінде адамның теріс әрекеттері көбінесе бопсалаушылардың қолындағы қаруға айналды. Мұндай жағдайда қаржылық шығынға жол бермеу үшін қылмыскердің жетегінде кетпей, дереу полицияға хабарласу қажет.