​Шымкенттің бас жоспарына қатысты 150-ге жуық ұсыныс түсті

0
638

Ең тиімді ұсыныстар бойынша бас жоспардың жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін.


​Шымкенттің бас жоспарына қатысты 150-ге жуық ұсыныс түсті

Шымкенттің бас жоспарына қатысты ұсыныстар сараланады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Шымкент қаласы бас жоспарының жобасын қоғамдық талқылауда 149 ұсыныс түскен. Олардың арасында инженерлік жабдықтау, қоғамдық көлікті дамыту, қала аумағын абаттандыру, мектеп, балабақша, емхана мен спорт және демалыс орындарын салу мәселелері бар.

Қала әкімінің орынбасары Мақсұт Исаховтың айтуынша, барлық ұсыныстар сараланып, құзырлы мемлекеттік органдармен келісіледі. Ең тиімді ұсыныстар бойынша бас жоспардың жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілуі мүмкін. Нәтижесінде жыл соңына дейін қаланыңжаңа бас жоспары толық әзірленіп, ҚР Премьер-министрінің келісімінен кейін, ҚР Үкіметінің қаулысымен бекітіледі.

Бас жоспарды әзірлеу үшін 2021 жылы «Градкомплекс» ЖШС-мен Шымкент қаласының сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы арасында келісімшарт түзілген. Құжатты әзірлеуге ТМД елдерінен көлік инфрақұрылымы бойынша үздік мамандар, сәулет және құрылысы саласындағы ғалымдар мен бас жоспар әзірлеу жөнінде мол тәжірибеге ие сарапшылар шақырылды.

Олар қаланың шекараларын айқындап, аумақтық даму схемаларын, тарихи, мәдени және рухани мұраны сақтау және пайдалану тұжырымдамасын, орталықтарды, өндіріс орындарын, селитебті және рекреациялық аймақтарды орналастыру жобасын әзірлеген. Сонымен қатар көлік инфрақұрылымын дамыту ұстанымдары, соның ішінде жаңа әуежайдың, теміржол вокзалының, автобекеттің орналасатын орындарын анықтап, экономикалық кешеннің тұрақты дамуын қамтамасыз ету, экологиялық жағдайды жақсарту бойынша концептуалды ұсыныстар әзірлеген.

Айта кетейік, Шымкенттің бұған дейінгі бас жоспары 2012 жылы бекітілген. Өзгерістер мен толықтырулар енгізілген бас жоспар 2035 жылға дейінгі аралықты қамтиды. Жобаны әзірлеу үшін мамандар қаладағы 117 мың гектар аумаққа түгел топотүсірілім жасап, 1:10 000 масштабпен картаға енгізіпті. Бұл жұмыстардың тағы бір ерекшілігі – барлық сызба заманауи талаптарға сай келетін векторлы форматта жасалған. Осылайша алдағы уақытта тиісті жұмыстар атқарылып, Шымкент заманауи мегаполис талабына сай келетін қала атанады деп жоспарланып отыр.