​ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ: “Шымкенттің өнеркәсіп аймақтар құру тәжірибесі барлық өңірде қолданылады”

0
868

Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор.


​ҮКІМЕТ БАСШЫСЫ: “Шымкенттің өнеркәсіп аймақтар құру тәжірибесі барлық өңірде қолданылады”

ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайылов Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Шымкентке арнайы келіп, қала әкімін тағайындау мақсатында мәслихат депутаттарының жиналысына қатысқан болатын. Жиын барысында мегаполистің жаңа әкімі Ғабит Сыздықбековке маңызды тапсырмалар жүктеп, қаланың кәсіпкерлікті дамытудағы жетістіктеріне арнайы тоқталды.

Шымкенттің қолайлы экономикалық және іскерлік ортасы бар қала болуға тиіс екенін ескерткен Үкімет басшысы ол үшін инвесторларға тиісті жағдай жасалып, мегаполистің дамуына серпін беретін өнеркәсіптік жобаларды іске асыруға басымдық берілетінін айтты.

«Біз Шымкент қаласының шағын және орта бизнес үшін өнеркәсіптік аймақтар құру тәжірибесін кеңінен қолдаймыз. Биыл бұл тәжірибені барлық өңірде қолдану бағдарламасы жүзеге асырылып отыр. Шымкент шағын және орта бизнестің орталығы деп айтуға болады. Сол себепті шағын индустриялық аймақтарды іске қосу жұмыстары жалғасуға тиіс», — деді Әлихан Смайылов.

Айта кету керек, Шымкенттің 2024-2028 жылдарға арналған әлеуметтік-экономикалық даму болжамы Ұлттық экономика министрінің бұйрығына сәйкес әзірленуде. Қаладағы өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы, құрылыс жұмыстары, сауда және қызмет көрсету салаларындағы өсіміне байланысты, өңірлік өнім көлемі 3,6 трлн. теңгеге болжанып, жыл сайын орташа 4 пайыздық өсім күтілуде.
Өнеркәсіп өнімінің артуына Шымкенттегі арнайы экономикалық және индустриалды аймақтардың ықпал зор. Нақтырақ айтсақ, Шымкентте жалпы аумағы 869 гектарды құрайтын 5 өндірістік алаң жұмыс істейді.

Онда 13 мыңнан астам жаңа жұмыс орындарын құрумен, 358 млрд. теңгеге 337 инвестициялық жоба іске асырылуда. Бүгінде бұл жобалардың басым көпшілігі іске асып, нақты кәсіпорындар өнім өндірумен және өңдеумен айналысып жатыр.