Үшінші мегаполисте карантин жеңілдетілді

0
791

Орта білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындары, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары қалыпты режимге өтті.


Үшінші мегаполисте карантин жеңілдетілді

Шымкент қаласының аумағында коронавирустық инфекцияның таралуын алдын алу бойынша шектеу шараларын жеңілдету туралы Бас санитариялық дәрігердің жаңа қаулысы шықты, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Жаңа қаулыға сәйкес, өнеркәсіп, коммуналдық теле-радио коммуникациялық және байланыс қызметі, құрылыс, ауыл және балық шаруашылығы, мал шаруашылығы, байланыссыз қызметтер мен туристік компаниялар, бизнес орталықтары мен медициналық ұйымдар, музейлер мен кітапханалар, азық-түлік дүкендері мен шағын маркеттер қалыпты жағдайда қызмет көрсетеді.

Сондай-ақ сұлулық орталықтары мен салондары, шаштараздар, маникюр мен педикюр қызметтері, косметикалық және косметологиялық қызмет көрсететін орындар (алдын ала жазылумен), ашық базарлар (азық-түлік, азық-түлік емес), жәрмеңкелерде де қалыпты режим сақталады.

Ал, жабық базарлар (азық-түлік, азық-түлік емес) «Ashyq» жобасына қатыспайтын болса, қызметіне тыйым салынды.

Орта білім беру ұйымдары мен жоғары оқу орындары, колледждер, қосымша білім беру ұйымдары, әуежайлар мен теміржолдар, автовокзалдар және жолаушыларға қызмет көрсету пінктерінің қызметтері қалыпты режимге өтті.

«Жасыл» қауіпсіз мәртебе бойынша «Ashyq» жобасына қатысатын объектілерде салтанатты, отбасылық, еске алу іс-шараларды (банкеттер, еске алу) өткізу, конференциялар, форумдар, адамдар көп жиналатын ойын-сауық және өзге де іс-шаралар мен көрмелер, марафондар өткізу шектеусіз жүзеге асырылады.

Сондай-ақ, олардың қатарында спорт кешендері мен спорттық сауықтыру орталықтары, ойын клубтары мен түнгі клубтар, караоке залдары, сауда орындары, бассейндер бар.

Осы қаулы 2022 жылдың 14 ақпаннан бастап, күшіне енеді.