"Зал толы": Шымкентте тегін концерт ұйымдастырғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады

0
536

Бұл концерт бастапқыда жергілікті билік және құқық қорғау органдарымен келісілмегендіктен, концерт "Наурыз" алаңында өтпеген.


фото: әлеуметтік желіде тараған видеодан алынды

Әлеуметтік желіде Шымкент қаласында халық көптігіне байланысты өтпей қалған концерттің видеосы тарап жатыр, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Видеодан концертке жиналған халықтың қарасы көп екенін көруге болады. Сонымен қоса, залға кіре алмаған көрермендердің есікті ашуға тырысқандары да көрінеді.

Жалпы концертті «Meyirimdi asyladam» қайырымдылық қоры ұйымдастырған.

Аталған концертті ұйымдастырушылар әлеуметтік желілерде 12 маусым күні Шымкент қаласындағы "Наурыз" алаңында жұлдыздар мен блогерлердің қатысуымен тегін қайырымдылық концерті өтетінін хабарлаған.

Бұл концерт бастапқыда жергілікті билік және құқық қорғау органдарымен келісілмегендіктен, концерт "Наурыз" алаңында өтпеген.

Іс-шараны ұйымдастырушылар сол күні "Түркістан" мәдениет сарайының өкілдерімен 2022 жылғы 12 маусым сағат 19:00-де концерт өткізу туралы шарт жасасқан.

Сағат 18:00-де (басталуы 19: 00-де) "Түркістан" мәдениет сарайына шамамен 2 500 адам жиналған. Алайда, "Түркістан" мәдениет сарайы 1 300 орынға арналған. Осыған байланысты, сағат 19:00-де зал толы болған.

Осыдан кейін Қаратау ауданының әкімі Р.Мүлкеманов және Шымкент қаласы ЖПҚ ПД қызметкерлері ұйымдастырушылармен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша түсіндіру жұмысын жүргізген.

Содан соң, қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мақсатында ұйымдастырушылар концертті өткізбеу туралы шешім қабылдаған. Бұл шешім көрермендерге жарияланып, сағат 20:00-де жиналғандар тарқады.

Қазіргі уақытта Шымкент қаласы жергілікті полиция қызметкерлері ұйымдастырушыларды әкімшілік жауапкершілікке тарту бойынша жұмыстар жүргізуде.