"ЖАСЫЛ ҚАЗАҚСТАН": Биыл Шымкентте 200 мың түп ағаш көшеті егіледі

0
296

Оның 110 мыңға жуығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында отырғызылады.


Қазіргі таңда экологиялық проблема бүкіл әлем бойынша өте өзекті болып отыр. Адамзаттың сапалы өмір сүруіне тікелей әсер ететін бұл тақырып ешқашан да күн тәртібінен түскен емес. Бүкіл әлем елдері осы мәселені шешу мақсатында түрлі жобалар ұсынуда. Аталған бағыттағы жұмыстар біздің елімізде де іске асырылуда. Атап айтатын болсақ, еліміздегі экологиялық жағдайды жақсарту мақсатында «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы әзірленеді. 2021-2025 жылдарға арналған ұлттық жоба 4 негізгі бағытты қамтиды. Өз кезегінде аталған жоба халық үшін қолайлы өмір сүру ортасын құру және экологиялық жағдайды жақсарту, қалдықтарды өңдеу және оларды пайдаланудың экологиялық қауіпсіздігі инфрақұрылымын құру, көлдердің суы сапасын жақсарту, сондай-ақ суару кезіндегі ысырапты азайту мүмкіндігін беретін болады. Сонымен қоса, жоба аясында Балқаш көлі мен Солтүстік Арал теңізінің экожүйелерін сақтау, сирек кездесетін және жойылып бара жатқан жануарлар түрлері мен ихтиофаунаның санын ұлғайту, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру, жасыл екпелер алаңын ұлғайту, табиғат пен жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауға дағдыландыру арқылы биологиялық әртүрлілікті сақтау көзделген. Бастысы қолға алынып жатқан барлық жоба халықтың экологиялық санасын жаңғыртуды меңзейді.

Бүгінде еліміздің барлық өңірінде аталмыш жоба бойынша ауқымды жұмыстар қолға алынған. Осы тұста Шымкент қаласында атқарылып жатқан жұмыстар туралы сөз қозғайық.

Еліміздің оңтүстігінде негізгі экологиялық проблеманың бірі қатты тұрмыстық қалдықтар екені белгілі. Аталған мәселені шешу мақсатында бірқатар жұмыстар іске асырылды. Атай айтатын болсақ, қатты тұрмыстық қалдықтар полигонындағы 1,5 миллион тонна дұрыс көмілмеген және 250 мың тонна бей-берекет шашылған қалдықтарды көму жұмыстары толық аяқталды. Бұл жұмыстарға 20-дан астам техника жұмылдырылып, жалпы көлемі 300 мың м3 топырақ төселді.

Одан бөлек, қоқыс қалдықтарының да экологияның нашарлауына бірден-бір әсер ететін дүние екені баршамызға мәлім. Осы мақсатта Шымент қаласында қоқыс өңдеу зауытын салу жоспарлануда. Қазіргі уақытта Шымкент қаласы аумағына қалдықтарды өңдеу зауытын салуға Испания, Қытай, Германия инвесторлары тарапынан ұсыныстар түсуде.

Кеңірек тоқталатын болсақ, қытайлық инвесторлар қалдықтарды өртеу зауытының құрылысын салуды, ал Германия компаниясы полигон салу үшін заманауи материалдарды ұсынды. Сондай-ақ, испандық AUDITORES ENERGETICOS AFN компаниясынан коммуналдық қалдықтарды өңдеудің терең технологиясын енгізу бойынша ұсыныс түсті.

Қаланың экологиялық жағдайын одан әрі жақсарту мақсатында абаттандыру жұмыстары да қарқынды жүргізілуде. Тарқатып айтар болсақ, қала аумағында ағаш отырғызу, абаттандыру және санитарлық тазалау бойынша тұрақты түрде жалпықалалық сенбіліктер өткізіліп тұрады. Өткен жылы 160 мыңнан астам адам сенбіліктерге қатысты.


(фото: Шымкент қаласы әкімдігі)

Ал, өткен жылы өткен «Birge-Taza Qazaqstan» республикалық акциясы ағаш көшеттерін отырғызу және қала аумағын қоқыстардан тазарту жұмыстары жүргізілді.

Сондай-ақ, биылғы жылы жалпы көлемі 200 мың түп ағаш көшеттері егіледі деп жоспарланып отыр. Оның 110 мыңға жуығы мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, қалған 90 мың түп ағаш демеушілік және жаппай сенбіліктер барысында егіледі.

Ал, отырғызылатын ағаш түрлері мен нақты санын айқындау мақсатында жаңа технологиялар мен білікті мамандардан құралған топ құрылды. Сонымен қоса, қала аумағындағы барлық жасыл екпелерге түгендеу, паспортизациялау бағдарламасы әзірленуде. Бағдарлама жоспарына сәйкес, әр талдың түрі, биіктігі, жас мөлшері, қазіргі жағдайы және орналасқан орны бойынша мәлімет енгізілетін болады. Нәтижесінде құрылысы жүргізілетін инфрақұрылым объектілері мен күрделі құрылыс нысандарын жүргізу барысында ағаштардың бей-берекет кесілуіне жол берілмейді.

Шаһарда гүл егу жұмыстары да жоспарға сай атқарылуда. Биылғы жылы қаланың көрікті жерлеріне 1 миллион дана қызғалдақ егілді. Ал, жаздық бір жылдық әсем гүлдер саны 750 мыңға жетіп отыр. Алдағы уақытта қаланың орталық көшелері мен гүлзарларына күз айларында гүлдейтін көпжылдық 100 мың түп гүл отырғызылады. Жалпы алғанда биылғы жылдың басынан бастап бүгінге дейін 1 миллион 750 мың түп гүл егілген.

Келесі жылдан бастап қаламыздың символына айналған қызғалдақ гүлдерінің санын әр жылы 500 мың түпке дейін өсіру жоспарланып отыр.



Сондай-ақ, ұлттық жоба аясында жасыл екпелерді суару жұмыстарын жандандыру мақсатында 440 бірлік су ұңғымасы бұрғыланып, пайдалануға беріледі.

Жалпы Шымкент қаласының аумағында жалпы ұзындығы 891 шақырымды құрайтын 443 орталық көшелерді санитарлық тазалау, көгалдандыру және күтіп-ұстау жұмыстары осыжылдың наурыз айынан бастап аудан әкімдіктерінен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасына өтті.

Қазіргі таңда әр ауданның мемлекеттік-жекеше әріптестері анықталып, қала аумағында жұмыстар қарқынды түрде ұйымдастырылуда.

Мемлекеттік-жекешелік әріптестік аясында, тұрақты 2400-ге жуық жұмыс орындары ашылып, қаланың санитарлық тазалығын қамту, көше жуу, қар күреу сынды жұмыстарға жаңа арнайы 150 техника тартылатын болады.


Бұдан бөлек, қала аумағындағы коммерциялық нысан иелеріне қатты тұрмыстық қалдықтарды арнайы орындарға тастауды және құрылыс қалдықтарын арнайы мекемелермен шығару бойынша ақпараттық насихаттау шаралары тұрақты түрде ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару саласынада міндеттерді орындау үшін қалдықтарды фракция бойынша бөлек жинауға Қаратау ауданында арнайы контейнерлер орнатылды. Ал, құрамында сынап барқалдықтарды жинау үшін 50 контейнер сатып алынып, қазіргі уақытта осы қалдықтарды жинау қызметтеріне қаржы бөлу мәселесі қарастырылуда.

«Мусороперерабатывающий завод «Green line» ЖШС-нің мәліметіне сәйкес, өткен жылы Ақтас-1 қалалық полигонына 225 003,56 тонна қалдықтар қабылданып, оның 32,0 пайызы сұрыпталған.

Сонымен қатар, тұрғындардың экологиялық санасын жаңғырту мақсатында, санитарлық тазалықты сақтау және тұрмыстық қатты қалдықтар шығаратын арнайы мекемелермен келісім-шартқа тұру, қоқыстарды арнайы контейнерге салу бойынша түсіндіру жұмыстары тұрақты түрде жүргізілуде. Оған қоса тақырыпқа сай түрлі бейне роликтер жасалып әлеуметтік желілердегі парақшаларда және жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында мақалалар мен хабарландырулар жарияланған.

2025 жылға дейін «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасы шеңберінде Шымкент қаласында қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісін жобалау және салу мәселесі қарастырылған болатын. Осыған байланысты қалалық әкімдік тарапынан «Waste2Energy» ЖШС-не қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісін жобалау және салу үшін жер учаскесі берілген.

Сонымен қоса, қала аумағындағы білім беру мекемелерінде экологиялық білім берудің үздік моделін қалыптастыру, орта мектеп бағдарламасында барлық ресурстарды үнемді пайдалану мәдениетін дамыту мақсатында түрлі іс-шаралар өтуде. Атап айтатын болсақ, 30 мектепте экосана үйірмесі, 70 мектепте-жасыл бұрыш үйірмесі ұйымдастырылды.

Қорытындылай келе, «Жасыл Қазақстан» жобасы басталғалы еліміздегі бірқатар экологиялық мәселелер өз шешімін тауып үлгерді. Бұл бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасын табар деген үміттеміз. Қазақстанның экологиялық жағдайын жақсартуға бағытталған бұл жобадан күтеріміз көп.

ERNUR.KZ.