Жиен қарындасын теуіп сотталып кетті

0
1 506

Сот талқылауы барысында сотталушы тағылған айыпты тек ішінара мойындаған.


Жиен қарындасын теуіп сотталып кетті

иллюстрациялық фото: ашықдереккөзден

Жиен қарындасын ұрып, тепкен шымкенттік жігіт сотталып кетті. Кикілжіңге кредит рәсімделген үй себеп болған көрінеді деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.

Сотталушы Шымкент қаласының тұрғыны С.У. туған ағасының алдындағы қарызы көбейіп кеткендіктен үйін бауырының атына 2008 жылы рәсімдеген. Кейіннен үйді өз атына аударып алмақ боп біраз жүгірген көрінеді. Ағасы сотталушыға баспананы нотариус арқылы рәсімдеу керектігін айтып келіні мен жиен қарындасын үй құжаттарын алып келуге жұмсаған. Үйіне түн жарымда келген сотталушы үйдегі туыс қонақтарын жақтыра қоймаған. Әңгімесі жараспай, ақырында жиен қарындасын оң қолының жұдырығымен бар күшімен көкірек тұсынан қатты ұрған. Қатты соққыдан қарындасы артында тұрған орындыққа отырып қалады. Жұдырықпен тоқтамаған нағашы ағасы қызды оң өкшесімен теуіп құлатқан. Салдарынан жиен қарындасының төс сүйегі сынған. Араша түскен келініне де сотталушы қол жұмсаған. 1972 жылы туған сотталушыны өз ұлы тоқтатқан.

Нағашысының үйіне кеп таяқ жеген жиен қарындасы тәртіп сақшыларына хабар берген. Жиенін жұдырықтаған 47 жастағы С.У.-ға Қазақстан республикасының қылмыстық кодексінің 107 бабының 1-ші бөлігімен айып тағылған.

Басты сот талқылауы барысында сотталушы тағылған айыпты тек ішінара мойындаған. Сотталушының туған ағасы сот процесінде інісінің ашуланшақ, өтірікші екендігін айтқан. Өзбекстаннан туған інісін көшіріп алған ағасының баспананы алып қою ниеті болмаған.

Отбасылы, бұрын сотты болмаған 1972 жылы туған ер адамды Абайаудандық соты ҚР ҚК-нің 107 бабының 1-ші бөлігімен айыпты деп таныды. Сот үкімімен сотталушы 1 жыл бас бостандығынан шектеу жазасын тағайындады. Жүз сағат мәжбүрлі түрде қоғамдық жұмысқа тартылатын болды. Айта кету керек, сот үкімі заңды күшіне енген.